Орталық Азиядағы көшбасшы: Қазақстан балалы отбасыларға қанша төлейді және көршілерден айырмашылығымыз неде?
Қазақстанда балалы отбасыларды қолдаудың ауқымды жүйесі қалыптасқан. 2016 жылдан бері елімізде әлеуметтік төлемдерге 40,1 триллион теңге бағытталса, 2026 жылғы республикалық бюджеттің шамамен 27 пайызы халықты әлеуметтік қорғауға жұмсалып отыр. Бұл көрсеткіш – ЭЫДҰ-ның дамыған елдерімен деңгейлес, – деп жазады Tiek.kz.
Мемлекет отбасыға бала туған сәттен бастап, оны күту кезеңінде, көпбалалы болғанда және ерекше күтім қажет болған жағдайда тұрақты қаржылық қолдау көрсетеді. Бұл жүйе Орталық Азиядағы көршілес елдермен салыстырғанда әлдеқайда озық әрі жан-жақты.
Бала дүниеге келгенде берілетін біржолғы төлем
Қазақстанда отбасының табысына қарамастан, әрбір жаңа туған сәбиге мемлекеттен біржолғы жәрдемақы беріледі:
-
Бірінші, екінші және үшінші бала үшін – 164 350 теңге;
-
Төртінші және одан кейінгі балалар үшін – 272 475 теңге.
Салыстыра кетсек, Қырғызстанда бұл төлем шамамен 21 500 теңгені, Өзбекстанда 29 700 теңгені құрайды. Тәжікстанда бірінші балаға көбірек төленіп, кейінгілеріне азая берсе, Еуропаның (Германия, Ұлыбритания) көптеген елдерінде біржолғы төлем мүлде жоқ. Ал Франция мен Польшада оны тек табысы төмен отбасылар ғана ала алады.
Демалыстағы табыс және зейнетақы: 1,5 жасқа дейінгі күтім
Біржолғы төлемнен кейін қазақстандық ата-аналар бала бір жарым жасқа толғанша ай сайынғы жәрдемақыға ілігеді:
-
Жұмыс істемейтін аналарға: республикалық бюджеттен айына кемінде 24 912 теңгеден бастап (әр бала сайын өседі) төленеді.
-
Жұмыс істейтін аналарға: Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) бұрынғы табысына қарай есептеледі. Орташа есеппен бұл сома 87 000 теңгені құрайды.
Ең бастысы, демалыста отырған жұмыс істейтін аналардың міндетті зейнетақы жарналарын мемлекет өз мойнына алып, субсидиялайды. Яғни, декреттегі үзіліс зейнетақы жинағына кері әсер етпейді. Тәжікстан, Қырғызстан және Әзербайжанда мұндай сақтандыру тетігі мүлде атымен жоқ.
Табысқа байланбаған көмек: Көпбалалы отбасылар
Қазақстанның әлеуметтік жүйесінің тағы бір үлкен ерекшелігі – көпбалалы отбасыларға (4 және одан да көп бала) арналған жәрдемақы табыс деңгейіне қарамастан, барлығына бірдей беріледі.
-
Төрт баласы барларға – 69 330 теңге;
-
Жеті баласы барларға – 121 360 теңге;
-
Одан кейінгі әр балаға қосымша 17 300 теңгеден қосылып отырады.
Ал Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанда мұндай көмек негізінен тек «аз қамтылған» мәртебесі бар отбасыларға ғана беріледі. Ресей мен Беларусьте ай сайынғы төлемнің орнына біржолғы «ана капиталы» (оның өзін тек тұрғын үй алуға немесе білімге жұмсау талап етіледі) қарастырылған. Қазақстандық модель болса, көпбалалы шаңыраққа алдын ала жоспарлауға болатын тұрақты, ай сайынғы сенімді табыс көзін ұсынады.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеу және аналарға құрмет
Елімізде ерекше күтімді қажет ететін, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамға ай сайын 81 870 теңге төленеді. Бұл сома күнкөріс деңгейіне байланысты болғандықтан, көрсеткіш өскен сайын бірге артып отырады. Ресейде мұндай төлем шамамен 49,7 мың теңге болса, басқа көршілерде одан да төмен. Мұндай жәрдемақы толық жұмыс күнімен еңбек ете алмайтын ата-аналар үшін отбасы табысының тұрақты бөлігіне айналады.
Сонымен қатар, Қазақстанда көпбалалы аналарға арнайы мемлекеттік марапаттар мен өмірлік төлемдер тағайындалған:
-
«Күміс алқа» иегерлеріне – ай сайын 27 680 теңге;
-
«Алтын алқа» және «Батыр ана» атағы барларға – ай сайын 32 005 теңге үзіліссіз төленеді.
Салыстыру үшін: Еуропа елдерінің (Германия, Франция, Швеция) басым көпшілігінде мұндай марапаттар үшін ақшалай төлем мүлде қарастырылмаған.
Осылайша, Қазақстан бала туудан бастап, оны өсіріп-жеткізудің түрлі кезеңдерінде ана мен баланы қаржылай қорғайтын, Орталық Азиядағы ең қуатты әрі жүйелі әлеуметтік қолдау моделін қалыптастырып отыр.



