Экология

Іле-Алатауына зияны тимей ме? Алматы тау кластері экологиялық тепе-теңдікті қалай сақтайды

Алматы тау кластерін дамыту жобасы инфрақұрылымды жақсарта отырып, табиғатқа тигізетін әсерді барынша азайтуды көздейді. Жоспарға сәйкес, жаңа туристік аймақ құрылысы 200 мың гектардан асатын Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің небәрі 0,049% аумағын ғана қамтитын болады, – деп хабарлайды Tiek.kz.

Жобаны әзірлеушілердің мәліметінше, бұл бастама ұлттық паркті жаппай және ауқымды түрде игеруді емес, тек шектеулі учаскелерге ғана нүктелі инфрақұрылым жүргізуді қарастырады.

Табиғат қорғау: Кесілген ағаштың орнына жаңа көшеттер егіледі

Нысандарды жобалау кезінде аумақтың табиғи ерекшеліктері, қазіргі рекреациялық жүктеме және қоршаған ортаға тигізетін әсерді барынша азайту талаптары қатаң ескерілуде. Әсіресе, жасыл қорды сақтау мен қалпына келтіруге айрықша назар аударылған.

Заң талаптарына сәйкес, жоба аясында қозғалатын немесе алынатын ағаштардың орнына міндетті түрде өтемдік көшеттер отырғызылады. Табиғатты қалпына келтіру шаралары инфрақұрылымдық шешімдерді іске асырумен қатар, кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Тау кластері дегеніміз тек аспалы жол емес

Сарапшылардың айтуынша, тау кластерін құру – құр ғана аспалы жолдар мен тау шаңғысы трассаларын салу емес. Бұл – тау туризмінің тұтас әрі қауіпсіз экожүйесін қалыптастыру. Оның ішіне мыналар кіреді:

  • Қауіпсіз жаяу туристік маршруттар;

  • Заманауи және ыңғайлы инфрақұрылым;

  • Инженерлік қамтамасыз ету және озық экологиялық шешімдер;

  • Тауға жыл бойы, төрт мезгілде де еркін келуге мүмкіндік беретін жағдай жасау.

Мұндай кешенді тәсіл жекелеген нысандарды ретсіз, шашыраңқы сала беруден бас тартып, таулы аумақты жүйелі түрде басқаруға көшуге мүмкіндік береді. Алматы тау кластерінің негізгі тұжырымдамасы айқын бір қағидатқа құрылған: тауды дамыту табиғаттың құндылығын төмендетпей, керісінше, адамдар үшін жаңа әрі қауіпсіз мүмкіндіктер жасауы тиіс.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button