Әлем

Қытайда әйел күйеуінің опасыздығын әшкерелегені үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды

Қытайдың Хэнань провинциясында сот ер адамға опасыздық жасағанына қарамастан, оның беделіне нұқсан келтірілді деген уәжбен жұбайын көпшілік алдында кешірім сұрауға міндеттеді

Әйел күйеуінің ұзақ жылдарға созылған көңілдестік қатынасын әлеуметтік желіде әшкерелеген.

Бұл туралы South China Morning Post басылымы хабарлады.


Бес жылдық жасырын қатынас

Ню На есімді әйелдің айтуынша, ол күйеуі Гао Фэймен он жылдан астам уақыт бірге тұрған. Ерлі-зайыптылардың бір қызы бар.

Алайда Ню күйеуінің жергілікті көмір өндіру компаниясында бірге жұмыс істейтін тұрмыстағы әріптесімен бес жыл бойы жасырын қарым-қатынаста болғанын анықтаған.

Әйелдің сөзінше, Гао көңілдесіне ортақ отбасылық қаражат есебінен:

  • алтын әшекейлер,

  • косметика,

  • киім-кешек сатып алған.


Әлеуметтік желідегі әшкерелеу

Опасыздықты білгеннен кейін Ню На Қытайдағы TikTok баламасы саналатын Douyin платформасына жазбалар жариялаған.

Ол:

  • күйеуінің және көңілдесінің аты-жөнін;

  • жұмыс орындарын;

  • қарым-қатынастың егжей-тегжейін ашып жазған;

  • күйеуін әжуа еткен мысқылды әңгіме де жариялаған.

Жазбалар қысқа уақыт ішінде кең таралып, мыңдаған адам тарапынан қаралған.


Күйеуі сотқа жүгінді

Жазбалар танымал бола бастаған соң, Гао Фэй әйелін жала жапты және абыройыма нұқсан келтірді деген айыппен сотқа берген.

Сот ер адамның талабын қанағаттандырып, мынадай шешім шығарған:

«Жеке адамның моральдық қателігі оның заңмен қорғалатын ар-намысына қол сұғуға негіз бола алмайды».

Қытай заңнамасына сәйкес, жала жабу азаматтық жауапкершілікке жатады. Ол кешірім сұрау, зиянды әрекетті тоқтату немесе өтемақы төлеу түрінде көрінуі мүмкін.


15 күн бойы кешірім сұрау міндеттелді

Сот Ню Наға 15 күн қатарынан видео арқылы кешірім сұрауды міндеттеді. Әр бейнежазбаның мәтіні соттың мақұлдауынан өтуі тиіс.

12 қаңтардан бастап әйел күн сайын кешірім видеоларын жүктеп келеді.

Алғашқы бейнелердің бірінде ол:

«Ашу үстінде сізді қорлап, дұрыс емес шешім қабылдадым. Кешірім сұраймын», — дейді.

Алайда кешірімнің өзі мысқылға толы болды.


Иронияға толы видеолар желіні жарды

Ню На кешірім сұрай отырып, сонымен қатар:

  • хат алмасу скриншоттарын,

  • ақша аударымдарын,

  • күйеуінің көңілдесінің күйеуімен жанжалдан кейін алған жарақатының суреттерін жариялаған.

Бір видеода ол:

«Сені ‘доңыз’ деп атауым дұрыс болмады. Сен оны қорғау үшін соққы алдың. Сен керемет басшы әрі керемет ғашықсың», — дейді.

Тағы бір жазбасында әйел өз денесіндегі жарақаттарды көрсетіп, тұрмыстық зорлық көргенін мәлімдеген.


Желі жұлдызына айналған әйел

Сот шешіміне қарамастан, Ню На жариялаған видеолар кең қолдау тапты:

  • миллиондаған қаралым жинады;

  • бірнеше күн ішінде 350 мыңнан астам жазылушы қосылды.

Кейін ол видеоларда қолданған косметика мен аксессуарларды сата бастаған. Сонымен қатар туған өлкесінің табиғатын таныстыратын тікелей эфирлер өткізіп, әр эфирге 10 мыңнан астам көрермен жиналған.


Отбасының болашағы белгісіз

Қазір Ню На мен Гао Фэйдің ресми түрде ажырасқаны немесе ажыраспағаны белгісіз. Алайда екеуі бөлек тұрып жатыр.

Әйелдің айтуынша, күйеуінің сатқындығы оның денсаулығына да ауыр соққы болған.

«Маған қолдау білдірген адамдардың жылы сөзі өмірімді жалғастыруға күш береді», — дейді ол.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button