Қоғам

«Тарихи тұлғаны монополиялап алуға болмайды»: заңгер Санжар Керімбайға қатысты дауға пікір білдірді

Белгілі заңгер Абзал Құспан баспагер Санжар Керімбай мен жазушы әрі зерттеуші Гүлсім Оразалықызы арасындағы дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды tiek.kz.

Заңгердің айтуынша, бұл жерде авторлық құқықты бұзу белгілері жоқ.

«Қолданыстағы «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» заңның 19-бабының талаптарына сәйкес, егер белгілі бір интервьюден немесе кітаптан үзінділер келтірілетін болса, автордың келісімі міндетті емес. Бірақ бұл жердегі жалғыз заңды талап — сол авторға сілтеме жасау керек. Мысалы, «осындай кітаптан алынған дерек» немесе «осындай газеттен алынған журналистің интервьюінің үзіндісі» деп көрсету қажет. Кітаптың қателеспесем 16-бетінде, кіріспесінде ғана, жаңағы дау шығарып жатқан кісінің интервьюінің жарты беттік үзіндісі ғана бар. Болды. Ол жерде ол кісіні бастан-аяқ «нөмір бірінші Нұртас танушы» деп атайды, сондай-ақ басқа да зерттеушілердің аттары аталады. Ал одан кейінгі кітаптың негізгі бөлімінде бастан-аяқ Нұртас ағамызға байланысты экзистенциалды талдау жасалған. Мен ол жігіттердің кітапты қандай стильде жазатынын білем ғой, олар сондай бағытты таңдаған азаматтар. Бұл кітап — деректі, танымдық сипаттағы және тұлғаның қасиетін ашуға бағытталған еңбек. Бұл бірнеше серия болып шығып жатыр, басқа да ғалымдарымызға, өмірден өткен Қаныш Сәтпаевқа немесе Өзбекәлі Жәнібекке байланысты кітаптардың стилімен жазылған. Бұл жерде авторлық құқықты бұзу белгілері мүлдем жоқ», — дейді заңгер.

Сондай-ақ ол мұндай даулардың БАҚ бетінде емес, сотта шешілуі керек екенін айтады.

«Жалпы, мен заңгер ретінде бұған қатысты жақында ғана сіздің әріптестеріңіздің подкастында да айтқанмын: жалпы бізде авторлыққа қатысты даудамайлар әлеуметтік желіде немесе ақпарат құралдарында емес, егер шынымен заң бұзылды деп есептейтін болса, сотта шешілуі керек, сотқа беруі қажет. Оны «Егер ол кісі сіздерді сотқа бермесе, өздеріңіздің іскерлік беделдеріңізді қорғау мақсатында өздеріңіз беріңіздер сотқа» деп Санжардың өзіне де айттым. Өйткені бұл жерде авторлық құқықты бұзу белгілері мүлдем жоқ.

Негізінен тарихи дерек, тарихи оқиға немесе тарихи тұлғаға қатысты мәселені монополиялап алуға болмайды. Бізде Кеңес үкіметінен қалған бір жаман әдет бар: біреу бір тұлғаны немесе тарихи оқиғаны зерттесе, өзін «бас зерттеушімін» деп санап, басқа зерттеушілерге рұқсат алғызады, алдыннан өткізбесе, зерттеткізбейді. Бұл заңға қайшы, адамгершілік тұрғысынан да дұрыс емес дүние. Кеңес үкіметі кезінде кейбір азаматтар әкімшілік ресурсты қолданып, көптеген ақын-жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың артында қалған естеліктеріне тосқауыл қоюға тырысқан. Жаңағы «маған зерттеткізбеді, тақырыпты бермеді, кедергі жасады» деген мәселелер содан қалған. Ал бұл тек Қазақстан емес, жалпы әлем бойынша авторлық құқық — әмбебап заң. Ешбір адам белгілі бір тарихи деректі немесе тарихи тұлғаны монополиялай алмайды», — дейді ол.

Бұған дейін белгілі жазушы Гүлсім Оразалықызы «Нұртас Оңдасыновтың атын пайдаланып, жұрттан жылу жинады, еңбегімді ұрлады» деп Санжар Керімбайға ренішін білдірген еді. 

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button