«Нұртас Оңдасыновтың атын пайдаланып, жұрттан жылу жинады, еңбегімді ұрлады»: белгілі жазушы Санжар Керімбайға ренішін білдірді
Кітаптарымды көшіріп басып, елге тарату, ол аздай Нұртас Оңдасыновтың атып пайдаланып, ақша жинау — ұяттың ұяты.

Баспагер-журналист әрі «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбайға қатысты тағы да дау шықты. Бұл жолы белгілі жазушы, нұртастанушы Гүлсім Оразалықызы Санжар Керімбайға ренішін білдіріп, Қазақ еліне үндеу жолдаған, деп хабарлады tiek.kz.
Гүлсім Оразалықызының айтуынша, Керімбай өзінің еңбектерін көшіріп пайдаланып кеткен.
«Мен — Гүлсім Оразалықызымын. Мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы үш кітаптың авторымын. Жақында қолыма Санжар Керімбайдың «Нұртас және елге қызмет» деген кітабы тиді. Оқып болғаннан кейін біршама реніште қалдым. Өйткені ішінде, ең бастысы, ешқандай жаңалық жоқ. Мұрағаттан тауып, жақсы құжаттарды сөйлету деген атымен жоқ. Barлығын менің кітаптарымнан «анау айтты, мынау айтты, Құбашев айтты, Мұқашев айтты» деп көшіріп баса берген. Мен осыған қатты ренжідім», — деп атап өтті жазушы өзінің үндеуінде.
Сонымен бірге Гүлсім Оразалықызы Санжар Керімбайдың Нұртас Оңдасыновтың атын пайдаланып, жұрттан жылу жинағанына да реніш білдірді.
«Одан кейінгі қатты ренжігенім — бұл жылу жинау. Қазақстан үкіметін 13 жыл бойы ең қиын кезде басқарған Нұртас Оңдасынов үшін халықтан жылу жинау — ұяттың ұяты. Мен 30 жыл өмірімді арнап, Мәскеудің, Атыраудың, Қазақстан Мемлекеттік мұрағатында жылдап отырып жинаған, шығарған кітаптарымды көшіріп басып, елге тарату, ақша жинау, ақша табу — ұяттың ұяты. Мен оқырманға осыны айтқым келеді», — дейді Гүлсім Оразалықызы.
Алайда Санжар Керімбайдың өзі мүлде басқаша айтып отыр. Айтуынша, еңбекте барлығы анық көрсетілген. Деректі Оразалықызының өзінен жазып алған.
«Гүлсім Оразалықызының өзімен жолықтым. Кітап шығардан бұрын Нұртастың қайтыс болған кезінде денесін қалай әкелгені жайында деректі өзінің аузынан жазып алдым. «Оны бізбен сұхбаттас болған Гүлсім Оразалықызы бұны былайша баяндайды» деп кітапта бердім. Кітаптың кіріспесінде деректерді қайдан алғанымызды, ол жерде деректердің негізгі иесі — Гүлсім Оразалықызы, оның Қазақстанда №1 нұртастанушы атануға моральдық толық құқығы бар екені жазылған. Оның өкіл қызы болғаны, деректердің бәрі сол кісіден алынғаны, Нұртаспен тікелей болған сұхбаттардың бәрі — Гүлсім Оразалықызының таспаға жазып алған деректері.
Хәкімжан Наурызбаевпен болған сұхбат та Гүлсім Оразалықызының жанталасып, дер кезінде қимылдаған сауатты іс-әрекетінің нәтижесінде бізге жетті. Сондықтан Гүлсім Оразалықызына осындай деректерді бізге жеткізгені үшін шексіз алғыс айтамыз деп кітаптың ішінде бәрі тайға таңба басқандай жазылған. Сондықтан білмеймін енді, ол кісінің неге өйткенін, басқа қылғанын білмеймін. Өйткені презентацияда да біз оның фотосын көрсеттік, «міне, мына кісі жеткізген» дедік. Ал біздің жұмысымыз — бізге деректі жеткізген тарихшылар мен журналистердің осы ақпараттарына экзистенциалдық анализ жасау ғана. Болды, біз анализ жасалуына ғана жауап береміз, ол кісілер дерек жеткізіп береді. Сондықтан біз дерекке таласқан жоқпыз, ешқандай мәселе жоқ.
Жалпы осы даудың ақиқатына көз жеткізгісі келген адам ол кісінің жазған кітаптарын да алып, ерінбей салыстырып шыққан дұрыс болар еді. », — деп жауап берді ол тілшіміздің сауалына.
Бұған дейін белгілі фотограф Жеңіс Ысқабай авторлық құқықты бұзды деп «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорын сотқа берген еді.



