Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс прокурорға қайтарылды

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты атышулы іс прокурорға қайтарылды.
Шешімді Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Меруерт Абаева қабылдады. Ол жәбірленуші тарап өкілінің өтінішін қанағаттандырған.
Енді құрылысшылар да сот алдында жауап беруі мүмкін.
Қаза болған Ұлдананың отбасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков бұған дейін тергеу соты Тәуелсіздік даңғылындағы үйді пайдалануға беруге қатысы бар құрылыс салушылар мен өзге де тұлғаларға қатысты істі қайта бастағанын айтты.
«Біз үшін шындық маңызды. Осы істерді қосып, біріктіруді сұраймыз. Алдағы уақытта басқа да тұлғаларды, мемлекеттік органдар өкілдерін, сондай-ақ құрылыс салушыларды жауапқа қатысты мәселеде сұрауды жоспарлап отырмыз. Сараптама қорытындыларын бүкіл халық көрді. Сондықтан істерді біріктіріп, әрі қарай процессуалдық шешімдер қабылдау үшін прокурорға жіберуді дұрыс деп санаймыз», – деді адвокат.
Сот шешім қабылдау кезінде құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысына да сүйенген. Сараптамаға сәйкес, нысанның опырылуына конструктивтік ақаулар мен құрылыс технологиясының бұзылуы қатар себеп болуы мүмкін.
«Істі тек мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Жұбаниязованың әрекеттерін бағалаумен шектеуге болмайды. Құрылыс-техникалық сараптама қорытындысында опырылудың бірнеше ықтимал себебі, оның ішінде конструктивтік кемшіліктер мен құрылыс технологиясының бұзылуы көрсетілген», – делінген сот қаулысында.
Осыған байланысты сот үйдің опырылу жағдайын жан-жақты тергеп, оған қатысы бар барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беру қажет деген қорытындыға келген. Алайда судья Меруерт Абаева маңызды жайтты атап өтті.
«Мұндай қаулымен Жұбаниязованың немесе басқа да тұлғалардың кінәлі екендігі туралы мәселе шешілген жоқ. Іс өндірістерді біріктіру және болған қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын толық тергеу мәселесін шешу үшін прокурорға жіберілді», – деді судья.
Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі 18 тамызда басталған. Істі судья Меруерт Абаева қарап жатыр



