Мәдениет

«Көгілдір күмбез құпиясы»: Бакуде Түркістанның тарихи мұрасы мен Ясауи іліміне арналған көрме ашылды

Әзербайжан астанасы Бакудегі Ұлттық тарих музейінде Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен Түркістанның тарихи жәдігерлеріне арналған «Көгілдір күмбез құпиясы» атты халықаралық көрме басталды. Бұл ауқымды жобаны Қазақстанның «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы әзірлеген, – деп хабарлайды Tiek.kz.

Бұл іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ясауи мұрасын зерттеп, оны халықаралық деңгейде кеңінен таныту жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылып отыр. Оған Қазақстан мен Әзербайжанның Мәдениет министрліктері, сондай-ақ Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры тікелей қолдау көрсетті.

Көрмеге қандай жәдігерлер қойылды?

Баку жұртшылығы мен қала қонақтары түркі әлемінің ортақ тарихынан сыр шертетін бірегей жәдігерлермен таныса алады. Олардың қатарында:

  • XII ғасырдан жеткен түпнұсқа терракота тақташалары;

  • XIV ғасырға тиесілі жылтыраған қаптама, майолика және мозаика үлгілері;

  • Кесенедегі куфи жазулары мен араб каллиграфиясын бейнелейтін тарихи фотоматериалдар бар.

Көрменің басты назары – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің екі макетіне аударылған. Оның бірі ғимараттың ішкі құрылымы мен бөлмелердің орналасуын егжей-тегжейлі көрсетсе, екіншісі кесененің сыртқы алып сәулеттік келбетін толықтай бейнелейді.

«Насабнама» және Ясауидің рухани ілімі

Көрменің арнайы бөлімі ұлы ойшылдың зияткерлік мұрасына арналған. Келушілер мұнда сирек кездесетін қолжазбалар мен тарихи деректерді, әйгілі шежірелік «Насабнаманы» тамашалай алады. Сондай-ақ, бұл бөлімде Ясауи ілімінің бүкіл түркі халықтарының рухани дәстүріне тигізген ықпалын дәлелдейтін оның ізбасарларының еңбектері де қойылған.

Екі ел музейлері меморандум бекітті

Ауқымды мәдени іс-шара аясында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Әзербайжан ұлттық тарих музейі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат екі ел арасындағы мәдени байланысты кеңейтіп қана қоймай, болашақта тарихи мұраны бірлесіп сақтауға, ғылыми зерттеулер жүргізіп, мамандар алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button