Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты пост жазғандарға полиция қысым көрсетіп жатқаны рас па?

Қоғамды дүр сілкіндірген Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты пост немесе пікір жазған азаматтарға құқық қорғау органдары тарапынан қоңырау түсіп жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлімдеді.
Айтуынша, ведомство азаматтарға мұндай мәселемен қоңыраулар шалмайды.
«Ешқандай. Сіз айтқан бұл ақпараттың ешқайсысын растамаймын, полиция қызметкерлері тарапынан ешқандай қоңырау шалынған жоқ. Оның үстіне ішкі істер органдарының қызметкерлері күшейтілген қызмет көрсету режимінде бола отырып, Маңғыстау облысында және бүгінгі таңда жалпы ел бойынша қоғамдық құқықтық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етті, қазіргі уақытта криминогендік ахуал тұрақты», — деді Санжар Әділов.
Бұған дейін Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде сын жазба жариялаған азаматтардың полиция тарапынан қысымға ұшырап жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Қайғылы жағдайға байланысты сын айтып, жарияланымдар жасағандарға көп ұзамай оларға өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған тұлғалар хабарласып, жазбаларды өшіруді талап еткен.
Мәселен, Алматылық тұрғын өзінің іnstagram желісінде Қорғаныс министрі мен Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысын сынға алғаны үшін полиция қызметкері хабарласқанын айтып, аудиожазба жариялаған.
Оның айтуынша, оған жазбадағы «трибунал» деген сөз себеп болған. Жазбаны өшіруді талап еткен. Кейіннен туыстарына қысым көрсетіле бастаған соң жазбаны өшіруге мәжбүр болған.
Сол секілді әлеуметтік желілерде (мысалы, Threads пен Facebook-те) осыған ұқсас жағдайлар мен қоңыраулар туралы басқа да азаматтар хабарлаған.
Exclusive.kz, Азаттық, ÖTKIR KÜREK MEDIA және Qumash сияқты басылымдар полицияның сын мазмұндағы видеолар мен пікірлерді қадағалап, өшіру жұмыстарын жүргізіп жатқаны туралы мәліметтер жариялағанын айта кету керек.



