Петропавлда студенттер арасында жұқпалы ауру тарап жатыр
Инфекцияның нақты көзі әзірге анықталған жоқ.

Петропавлда студенттерден жұқпалы ауру анықталды. Бүгінде 8 студент ауруханаға жатқызылған.
Олардың барлығы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің жатақханасында тұрады.
Алдын ала диагноз бойынша студенттерде дене терісінің дерматофитиясы анықталған. Бұл патогенді саңырауқұлақтардан туындайтын жұқпалы ауру.
Қазір нақты диагнозды анықтау үшін тері-венерологиялық диспансерде зертханалық талдау жүргізіліп жатыр. Эпидемиологиялық тексеру барысында науқастардың жатақхананың бір қабатында тұратыны, бөлмелерінің қатар орналасқаны және тұрмыстық байланыста болғаны анықталған.
Студенттердің тұрғылықты жерінде және оқу орнында қорытынды залалсыздандыру жүргізілді. Колледж бен жатақханада індетке қарсы және алдын алу шаралары қолға алынды. Ем аяқталғаннан кейін студенттер бір ай бойы дәрігерлердің бақылауында болады.
Осы кезеңде тағы екі рет зертханалық талдау жасалады. Инфекцияның нақты көзі әзірге анықталған жоқ.



