Мемлекет ден қоюдан жүйелі шешімдерге көшті — сарапшының Маңғыстаудағы қайғылы оқиға туралы пікірі

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Каспий маңындағы трагедияның коммуникациялық аспектісіне назар аударған.
Сарапшының айтуынша, оқиға болған кездегі әскерилердің тарапынан болған сәтсіздіктерді абырой болғанда саяси басшылықтың дер кезіндегі реакциясы құтқарып қалды.
«Осы күндері жаңалықтар ленталары мен әлеуметтік желілердегі жазбаларды мұқият талдай отырып, қоғамдық күн тәртібіндегі айтарлықтай өзгерісті қазірдің өзінде констатациялауға (нақтылауға) болады. Алтыншы күні, яғни 29 қыркүйекте жағдайды алғашқы үш күнмен (24–26 қыркүйек) салыстырғанда басқаша бағалауға болады. Мемлекет жағдайды өзгертіп, ақпараттық кеңістіктегі бастаманы өз қолына ала алды», — дейді сарапшы.
Ол 24-25 қыркүйекте ақпараттық ахуал ең алдымен алаңдаушылық тудырып, кей жерлерде тіпті дағдарысты сипатта болғанын айтады.
Қоғамды мазалаған басты сұрақтар «қанша адам қаза тапты, кімдер табылды, трагедия орнында не болып жатыр, әскерилер қайда, құтқарушылар мен мемлекет не істеп жатыр?» деген сипатта еді. Ал шын мәнінде әскерилер тиісті коммуникация құра алмады. 26 қыркүйекте күн тәртібі күрт өзгеріп, нақтырақ әрі мазмұнды бола түсті. Қоғам «не болды?» деген сұрақтан «не себепті бұлай боды?», «кім жауапты?», «бұдан әрі не істеледі?» деген сұрақтарға ауыса бастады. 27 қыркүйекте мемлекеттік күн тәртібі деңгейінде сапалы бетбұрыс орын алды.
Бұл, ең алдымен, Президент Тоқаев айтқан тезистердің арқасында жүзеге асты. Мемлекет басшысы трагедияға баға беріп қана қоймай, оны әскердегі жүйелік кемшіліктермен байланыстырды, Қорғаныс министрлігінің басшылығын ауыстырды және он күн ішінде әскери реформаның нақты Жоспарын дайындауды тапсырды. Қойылған міндеттердің қатарында – қорғаныс шығындарының тиімділігі, кадрларды іріктеу жүйесін өзгерту, басқаруды жаңғырту, цифрландыру, кәсіби даярлық және әскери қызметшілердің қауіпсіздігі бар. 28 қыркүйекте мемлекеттік коммуникация жаңа шеңберді қалыптастыра бастады: «трагедия орын алды – мемлекет жүйелік қорытынды жасады – президент реформа жүргізу туралы шешім қабылдады», — дейді сарапшы.
Атап айтқанда, мемлекеттің жедел шаралар ғана емес, жүйелік шаралар да қабылдап жатқаны көпшілікке түсіндірілді.
Мұнда вице-президенттің мемлекет басшысының жүйелік шешімдері мен тапсырмаларының логикасын – зардап шеккендерге көмек ұйымдастыруды, объективті тергеуді, кадрлық тағайындауларды және әскерді реформалау туралы шешімді түсіндірген жазбасын атап өткен жөн.
Сарапшының ойынша, дер кезінде қабылданған осындай шешімдер билікке ақпараттық бастаманы қайта қолға алуға мүмкіндік берді.
Яғни 29 қыркүйекке қарай іздеу аяқталып, отбасыларға көмек көрсетілді, күдіктілер анықталып, қылмыстық тергеу жалғасты. Мемлекет қорғанушы позициядан күн тәртібін қалыптастырушы тарапқа көшті.
Дегенмен коммуникациялық басымдық барлық мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Қоғам тергеудің ашықтығын, кінәлілердің жазалануын және армиядағы нақты өзгерісті күтеді.
Әбішевтің айтуынша, Ақорда бастаманы сақтап қалу үшін президент тапсырмаларының орындалуын тұрақты түрде бақылауы тиіс.
«Мұның бәрі мемлекеттің ресми реакцияның мәнін әлдеқайда күштірек бақылайтынын және болып өткен оқиғаны қоғамдық тұрғыдан түсіндіруді қатаң ұстанып отырғанын көрсетеді. Қазір билік 24–25 қыркүйектегідей қорғаныс позициясында емес, Президенттің 27 қыркүйектегі шешімдерінен кейін салмақты бастамаға ие бола бастады», — дейді сарапшы.



