Қоғам

Жұмыс іздеп барған адамды соғысқа алып кеткен: Қазақстан Ресейге нота жолдады

Астана Мәскеуге Ресейде әскери келісімшартқа отыруға мәжбүр болған қазақстандықтар жайлы нота жолдаған, деп хабарлады Азаттық радиосы.

Қазақстан Ресейге жұмысқа кетіп, кейін өзін мәжбүрлі түрде Украинадағы соғысқа әкетіп бара жатқанын отбасына хабарлаған Қазақстан азаматы Мирас Тасжарғановтың және тағы бірнеше қазақстандықтың елге қайтуына жәрдем көрсетуді сұрап, Ресей сыртқы істер министрлігіне нота жолдаған. Мұны Азаттықтың сауалхатына берген жауабында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.

«2026 жылғы 18 қыркүйекте елшілік Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігіне аталған азаматтардың Қазақстанға қайтуына жәрдем көрсету туралы нота жолдаған» деп жазған Қазақстан СІМ жауап хатында.

Бұған дейін Астана тұрғыны Гүлжан Тасжарғанова интернеттегі хабарландыруға сеніп Ресейге табыс табуға кеткен ұлы Мирас Тасжарғанов уәде етілгеннен басқа жұмыс істегенін, кейін оны мәжбүрлеп Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырғызғанын Азаттыққа айтқан.

22 қыркүйекте видеобайланыс арқылы анасымен сөйлескен Мирас өзін соғысқа алынған басқа адамдармен бірге әскери көлікпен Украинаға әкетіп бара жатқанын хабарлап үлгерген. Жігіт «қатты өкінетінін» айтып, жақындарынан кешірім сұраған. Қазір Мирас Тасжарғановтың нақты қай жерде екені белгісіз.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button