Интеллект дәуірі

Адамға ұқсас роботтар және 200 млн долларлық зауыт: Qazbot AI & Digital Bridge 2026 форумында жаңа технологияларын таныстырады

Адаммен еркін тілдесетін, зауытта жұмыс істейтін және кеңістікте өздігінен бағдар түзейтін роботтар енді Қазақстанда құрастырылмақ. 1–3 қазан аралығында Астанада өтетін AI & Digital Bridge 2026 форумында Qazbot technologies компаниясы гуманоидті және өнеркәсіптік роботтардың жаңа үлгілерін көпшілік назарына ұсынады, – деп хабарлайды Tiek.kz.

Digital Bridge 2026 форумында Qazbot Technologies тек жекелеген робототехникалық шешімдерді ғана емес, сонымен қатар компанияның ауқымды индустриялық жобасын да таныстырады.

Қазақстандағы алғашқы робот шығаратын зауыт

Биылғы жылдың тамыз айында Астанада Қазақстандағы алғашқы гуманоидті роботтарды шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Алғашқы кезеңдегі инвестиция көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайды.

Аумағы 15 мың шаршы метр болатын бұл өндірістік және ғылыми-технологиялық кешен жылына 5 мыңға дейін робототехникалық жүйені шығаруға қауқарлы болмақ. Жоба аясында 150-ден астам жұмыс орны ашылады. Кешен ішінде оқшауланған өндіріс, инженерлік әзірлемелер, R&D орталығы және роботтарды оқытуға қажетті деректерді өңдейтін Qaz Data Factory инфрақұрылымы орналасады.

«Біз үшін Қазақстанға дайын технологияларды әкеліп қана қою емес, мұнда өзіндік құзырет пен толық технологиялық циклді қалыптастыру аса маңызды. Алдағы негізгі мақсат – өз өнімдеріміз бен шешімдерімізді дамытып, халықаралық нарықтарға шығу», – деді Qazbot Technologies бас директоры Владислав Сафаров.

Форумда қандай роботтар көрсетіледі?

Көрме қонақтары гуманоидті және өнеркәсіптік роботтардың мынадай озық үлгілерін іс жүзінде көре алады:

  • A2 / A2 Ultra: Адамдармен әрекеттесуге арналған толық өлшемді гуманоидті робот. Бет-әлпетті, дауысты таниды, диалог жүргізеді және ұзақ қашықтықтарға өз бетінше қозғала алады.

  • X2 / X2 Ultra: Адамға ұқсас жүрісі бар ықшам гуманоид. Кедергілерді айналып өтіп, би билеп, күрделі қимылдарды орындайды, қуаттау стансасына өзі оралады.

  • G2 моделі: Өндіріс пен қоймаларға арналған өнеркәсіптік платформа. Заттарды дәлдікпен ұстап, сұрыптауды жүзеге асырады.

  • C5 автономды роботы: Үлкен аумақтарды кәсіби деңгейде тазалауға арналған. Құрғақ және ылғалды тазалауды атқарып, өз бетінше бағыт сызады.

  • D1 төртаяқты роботы (робот-ит): Күрделі, тегіс емес ортаға арналған. Өнеркәсіптік инфрақұрылымдарды тексеріп, бақылау жұмыстарын жүргізеді.

Жаһандық серіктес және Embodied AI тренді

Qazbot Technologies компаниясының стратегиялық серіктесі – гуманоидті роботтар нарығының 47 пайызын иеленіп отырған AGIBOT PTE. LTD. компаниясы. Жақында өткен World Humanoid Robot Games 2026 байқауында бұл команда 46 медаль (оның 18-і алтын) жеңіп алып, әлемдік көшбасшы екенін дәлелдеген. Форумға AGIBOT вице-президенті Сюн Цзилинь арнайы қатысады.

Биылғы AI & Digital Bridge 2026 форумының басты ерекшелігі – жасанды интеллекттің компьютер экранынан шығып, шынайы әлемге қадам басуын (Embodied AI) көрсету. Яғни, алгоритмдер енді физикалық роботтармен бірігіп, қоршаған ортаны түйсініп, дербес шешім қабылдай алатын деңгейге жетті.

«Kazakhstan is the Eurasian AI Hub» тақырыбымен өтетін халықаралық форум EXPO көрме орталығында ұйымдастырылады. 1 қазанда тек арнайы шақырумен мемлекеттік органдар мен халықаралық делегациялар бас қосса, 2–3 қазан күндері билет алған барлық қонақтар үшін ашық бағдарлама өтеді. Форум хедлайнерлері қатарында Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, Higgsfield AI техникалық директоры Ерзат Дулат және Crimson Education бас директоры Джейми Битон бар.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button