Саясат
Тренд

Дос Көшім: Референдум кейінге қалуы мүмкін (ВИДЕО)

Ал вице-президент лауазымы болашаққа дайындық болуы ықтимал

Саясаткер Дос Көшім Ұлттық құрылтайда айтылған бастамаларға қатысты өз бағасын беріп, референдумның мерзімі, вице-президент институты және парламент реформасына байланысты бірқатар күмәнді тұстарға назар аударды.

Оның айтуынша, Президент референдум тақырыбын бірнеше рет қозғағанымен, нақты мерзімін ашып айтқан жоқ. Соған қарамастан, Конституцияны сараптайтын арнайы комиссия құру туралы мәлімдеме жасалды. Бұл жағдай референдумның жақын уақытта өтпейтінін аңғартады.

«Референдум болады деп ол кісі, ұмытпасам, қыркүйектің аяғында айтқан. Тоқаев жалпы көптеген шешімдерді референдумға салғанды жақсы көреді», – дейді саясаткер.

Дос Көшімнің пікірінше, Сенатты тарату мәселесі жаңа тақырып емес. Бұл бастама қоғамда отыз жылдан бері айтылып келеді. Сол себепті оны референдумсыз-ақ жүзеге асыруға болар еді.

«Бір сайлаудың өзіне бізде 15 миллиардтан астам теңге кетеді. Сол себепті референдумның сұрағын сайлаумен бірге өткізуге болады.», – деді Дос Көшім.

Вице-президент институты туралы

Саясаткер вице-президент лауазымының енгізілуіне қатысты да пікірін ашық айтты.

«Вице-президент көптеген елдерде бар. Қазақстанда да болған. Ерік Асанбаев жақсы жүргізді. Сондықтан бұл жаңалық емес. Меніңше, мұндай лауазым қажет», – деді ол.

Сонымен қатар бұл бастаманың саяси астары болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

«Егер Президент жеті жылдан кейін кететін болса, оның орнына келетін адамдар қазірден дайындала бастайды. Вице-президент сол үшін енгізіліп отырған болуы мүмкін», – дейді саясаткер.

Парламент реформасына қатысты күмән

Дос Көшім бір палаталы парламент пен халық кеңесі туралы бастамаларда нақты дербестік байқалмайтынын айтты.

«Егер халық кеңесінің мүшелерін түгел Президент тағайындайтын болса, бұл ешқандай жаңа өзгеріс емес. Бұл – авторитарлық жүйеден әлі де толық шықпағанымызды көрсетеді», – деді ол.

Саясаткердің айтуынша, Президенттің «президенттік билік әлсірейді деген сөз жоқ» деуі жүйенің сол күйінде қалатынын аңғартады.


Референдумдағы басты мәселе – сұрақтың нақтылығы

Дос Көшім референдум өтетін жағдайда қойылатын сұрақтардың ашық әрі нақты болуы тиіс екенін айтты.

«“Конституцияны қолдайсыз ба, жоқ па?” деген бір ғана сұрақ үлкен қателік. Әр өзгеріс бөлек сұрақ ретінде қойылуы керек», – деді ол.

Оның пікірінше, референдум болса, ол парламент сайлауымен бірге өтуі мүмкін.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button