«Біз де екі ұлымыздан айырылғанбыз»: Қамаудағы Әскери-теңіз күштері штаб бастығының ата-анасы Тоқаевтан әділдік сұрады
Каспийде 14 әскери қызметшінің өмірін қиған трагедияға байланысты күдікті ретінде ұсталған жоғары лауазымды әскери қолбасшылардың бірі – Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы Данияр Хайрушевтің ата-анасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады, – деп хабарлайды тiek.kz.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі осы іс аясында бес әскери басшыны, соның ішінде осы Әскери-теңіз күштерінің штаб бастығын Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаған болатын. Енді міне, қамаудағы қолбасшының отбасы Президенттен істің объективті қаралуын сұрап отыр.
«Баладан айырылудың не екенін жақсы білеміз»
Видеоүндеуді Данияр Хайрушевтің қызы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Ол өз жазбасында қаза тапқан әскерилердің шаңырағына қайғыра көңіл айта отырып, бұл қасіреттің ауыртпалығын өз отбасы да бұрын бастан өткергенін жеткізді. Оның айтуынша, ата-ана ретінде олар тек әділдік орнап, барлық мән-жайдың жан-жақты тексерілгенін қалайды.
Ал бейнежазбада сөз алған штаб бастығының әкесі мен анасы қара жамылған отбасыларға көңіл айтып, Президенттен асығыс қорытынды жасамауды өтінді.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз – Данияр Хайрушевтің ата-анасымыз. Ең алдымен оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметкерлердің отбасыларына және туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз. Біз олардың қайғысын жақсы түсінеміз. Өйткені өзіміз де осындай ауыр қасіретті бастан кештік, екі ұлымыздан айырылдық», – деді анасы.
«Ұлымыз бұған қасақана жол берді дегенге сенбейміз»
Хайрушевтің анасы ұлының адами және офицерлік қасиеттеріне тоқталып, оның өз ісіне жауапты, ар-намысты азамат екенін баса айтты.
«Данияр туралы бір ауыз сөз айтқымыз келеді. Ол бала кезден адал, ар-намысты, жауапкершілігі мол азамат болып өсті. Ешқашан пайдакүнемдікке ұмтылған емес, біреудің дүниесіне қол сұққан емес. Оның бұл жағдайға қасақана жол бергеніне сенбейміз», – деді ол.
Үндеу соңында әскери қолбасшының ата-анасы Президентке жүгініп, тиісті органдардан әділ әрі объективті тергеу жүргізуді сұрады.



