Третьяков туындылары Алматыға келеді: Арман Қырықбаев ресейлік әріптесімен ауқымды жобаларды бекітті

Алматыға әйгілі Третьяков галереясының туындылары келеді, ал Астанада «Эрмитаж күндері» өтуі мүмкін. Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Санкт-Петербургтегі ауқымды форумда ресейлік әріптесімен кездесіп, оған Президенттің арнайы марапатын табыстады, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Әлемнің 43 елінен делегация (оның 18-і тікелей министрлер) жиналған ХІІ Халықаралық біріккен мәдениеттер форумында Қазақстан мен Ресейдің мәдени байланысы жаңа жобалармен толықты.
Келіссөз алдындағы көңіл айту
Екі елдің мәдениет министрлері Арман Қырықбаев пен Ольга Любимованың ресми кездесуі ең алдымен адами қолдаудан басталды. Ресейлік министр сөзін Маңғыстау облысындағы әскери жаттығу кезінде қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың отбасылары мен жақындарының орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтудан бастады.
Өнер сүйер қауымға үлкен жаңалық
Ведомство басшылары екіжақты қарым-қатынасты тек қағаз жүзінде талқылап қоймай, нақты жобаларды бекітті. Соның ішіндегі ең басты жаңалықтар:
-
8 қазанда Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде әйгілі Мемлекеттік Третьяков галереясының «Дәуір мұрасы. ХХ ғасыр өнері» көрмесі ашылады. Көрермен назарына Ресей қорынан әкелінген 30 бірегей картина ұсынылмақ.
-
Алдағы уақытта Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде «Эрмитаж күндерін» өткізу мәселесі пысықталды.
Сондай-ақ, мәдени жобаларды тікелей үйлестіретін үкіметаралық Кіші комиссияның кезекті бесінші отырысы 2027 жылдың бірінші жартысында Астана қаласында өтетін болды.
Ресейлік министрге «Достық» ордені не үшін берілді?
Кездесу соңында Арман Қырықбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасын орындап, Ольга Любимоваға II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Бұл жоғары мемлекеттік марапат ресейлік шенеунікке Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге қосқан елеулі еңбегі үшін беріліп отыр.



