Мәдениет
«Айтатын жағдайым жоқ көпке өсиет…»: Мақсат Ақанов тойда арнау айтты
Халық арасында қызу талқыға түскен сол оқиғадан соң Айтыс одағы қатаң шешім қабылдап, ақынды алдағы 6 ай бойы ресми жарыстарға қатыстырмау туралы үкім шығарған еді.

Маңғыстау облысы Шайыр ауылындағы айтыста әдепсіз әрекетімен көзге түсіп, жарты жылға сахнадан қуылған айтыскер Мақсат Ақановтың тойда жүрген бейнежазбасы тарады, деп хабарлады tiek.kz.
Жазбаның нақты қашан түсірілгені белгісіз. Дегенмен,
Өткендегі ағаңның шаруасы үшін,
Өтінемін, ағаңды сөкпеші кеп.
Бауыр боп жарылқасаң жетіп жатыр,
… Әйтпесе, Ахановты білесің ғой,
Айтатын жағдайым жоқ көпке өсиет…,
Бұл күнде кәрі қойдан бағам кейін…
Әйтпесе, мен айтыстан қуылғанмын, — дегеніне қарап, жазбаның жақында түсірілгенін байқауға болады.
Естеріңізде болса, желіде қарағандылық ақын Мақсат Ахановқа қатысты жайсыз видео тараған еді. Жазбада Мақсаттың кезекті айтыстарының бірінен үзінді келтірілген. Сахнада ақынның мас шыққанын, сөздерін ұйқастыра алмай, лағып отырғанын байқауға болады.
Халық арасында қызу талқыға түскен сол оқиғадан соң Айтыс одағы қатаң шешім қабылдап, ақынды алдағы 6 ай бойы ресми жарыстарға қатыстырмау туралы үкім шығарған еді.
Айтыс одағының төрағасы Аманжол Әлтай бұл айтыс одақтың жоспарында болмағанын, Шайыр ауылында болған айтыс екенін жеткізді.
“Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен сол өңірдің азаматтарының ұйымдастыруымен өткен. Біздің қатысымыз жоқ. Өзім ұйымдастырған, қадағалаған айтыстарда сахна мәдениетінің сақталуына, ақындардың әдебіне ерекше мән беріледі. Мақсат Ақановты алдағы жарты жылда айтыстарға қатыстырмау жөнінде шешім қабылданды. Шайыр ауылында орын алған келеңсіздік біздің де қабырғамызға батуда. Бір ақынның қателігі үшін барлық ақын кінәлі емес. Өзім ұйымдастырған, басы – қасында болған айтыстарда мұндай келеңсіз жағдайлар ешқашан болған емес”, – деді ол.
Дегенмен, 25 жылдық тәжірибесі бар 2023 жылғы «Алтын домбыра» иегері ресми сахнадан алыстағанымен, халықтық жиындар мен тойлардан қол үзбеген сыңайлы.
Айта кетейік, даулы оқиғадан кейін бірқатар өнер адамдары (Алмат Сақатов, Меруерт Түсіпбаева, Нұрлан Есенқұлов, Серікзат Дүйсенғазы) ақынға араша түсіп, оның қателігін түсінгенін айтып, көпшілікті кешірімді болуға шақырған болатын.



