Президент Ұлттық құрылтайда бір палаталы Парламент құру туралы не айтты?
V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасына қатысты негізгі ұстанымын жариялады. Президенттің айтуынша, бұл реформа Қазақстандағы ауқымды саяси жаңғырудың өзегіне айналмақ
Президент биыл ел болашағына тікелей ықпал ететін шешуші кезең басталғанын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан саяси жүйені жаңғыртудың жаңа сатысына қадам басып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенін еске салды. Бұл ұсыныс қоғамда кеңінен талқыланып, азаматтардың пікірін ескеру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.
Мемлекет басшысы 8 қазанда парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы жасақталғанын айтып, оның құрамына заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері кіргенін жеткізді.
Президенттің айтуынша, азаматтардың ұсыныстарын жинау мақсатында e-Otinish платформасы мен eGov порталында «Парламенттік реформа» бөлімі ашылып, жүздеген ұсыныс келіп түскен.
«Бұл бағыттағы жұмыстың барлығын өзім тікелей бақылауда ұстадым», — деді Мемлекет басшысы.
Халық бастаманы қолдап отыр
Президенттің мәлімдеуінше, жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар мен жұмыс тобының қорытындысы бір палаталы Парламентке көшу бастамасын халықтың қолдайтынын көрсетті.
Депутаттардың өңірлерге сапары кезінде де сайлаушылардың бұл реформа туралы хабардар екені және оны қолдап отырғаны анықталған.
«Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ. Жалпы бағыт-бағдарымыз айқын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа Парламент «Құрылтай» деп аталады
Президент болашақ бір палаталы Парламентке «Құрылтай» атауын беру қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, Құрылтай атауы халқымыздың тарихи санасына жақын және мемлекеттілік дәстүрімен тікелей сабақтас.
«Құрылтай атауын еліміздің саяси жүйесіндегі аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтауымыз керек», — деді Мемлекет басшысы.
Депутат саны – 145 мандат
Ұлттық құрылтайда жарияланған ұсыныстарға сәйкес:
-
жаңа Парламент 145 депутаттан тұрады;
-
төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін;
-
комитеттер саны 8-ден аспауы тиіс.
Президент бұл мәселеде басты назар санға емес, сапаға қойылатынын айтты.
«Парламентте шын мәнінде білікті, отаншыл, кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек», — деді ол.
Парламенттің өкілеттігі күшейеді
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа модель бойынша Парламенттің құзыреті айтарлықтай кеңейеді.
Атап айтқанда:
-
Конституциялық сот;
-
Жоғары аудиторлық палата;
-
Орталық сайлау комиссиясы мүшелері
Парламенттің келісімімен тағайындалады.
Сонымен қатар Жоғарғы сот судьяларын сайлау құқығы да депутаттарға беріледі.
Президент бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтетінін атап өтті.
Сайлау жүйесі қалай өзгереді?
Жаңа Парламент пропорционалды сайлау жүйесімен жасақталады. Бұл саяси партиялардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Ал өңірлерде мәслихаттарға қатысты мажоритарлық жүйе сақталады, себебі жергілікті халықтың пікірі естілуі маңызды.
Президент Парламенттегі Президент квотасын және Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасын алып тастауды ұсынды.
Сонымен бірге жастарға, әйелдерге және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік квоталар сақталады.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет»
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл реформаның түпкі мақсаты — елімізде әділетті әрі теңгерімді саяси жүйе қалыптастыру екенін айтты.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қағидатына негізделген тұрақты саяси жүйе құрамыз», — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, бір палаталы Парламентке көшу Қазақстанның саяси әлеуетін арттырып, әлеуметтік-экономикалық реформалардың сапалы жүзеге асуына серпін береді.



