«Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек»: Қорғаныс министрі алғашқы жұмыс кеңесін өткізді

Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов министрліктің басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді.
Жиында Қарулы күштерді дамыту және реформалау бағытындағы негізгі міндеттер айқындалды. Басты назар Мемлекет басшысының армияны кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындауға аударылды.
Бұл ретте заманауи қауіп-қатерлер, қарулы қақтығыстар тәжірибесі, әскери технологиялардың дамуы және әскери қызметшілердің қауіпсіздігі ескеріледі. Әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, жауынгерлік даярлық сапасын көтеруге және қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға басымдық беріледі.
«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту, қызмет жағдайын жақсарту, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алу міндеттері қойылды. Даярлық бағдарламалары заманауи ұрыс қимылдарының тәжірибесіне негізделіп, ұшқышсыз жүйелер, радиоэлектрондық күрес, барлау және байланыс құралдарын қолдану тәсілдері ескеріледі.
Әскерді басқару жүйесінде цифрландыруды жалғастырып, басы артық есептілік пен әкімшілік рәсімдерді қысқарту көзделіп отыр. Босатылған ресурстар Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталады.
Кеңесте Қорғаныс министрлігінің қызметіне жүргізіліп жатқан кешенді тексерудің барысы да қаралды. Бөлім басшыларына комиссия жұмысына қажетті қолдау көрсетіп, сұралған ақпаратты ұсыну тапсырылды.



