«Біз үшін өліп пе!»: Қаралы күнге құрметсіздік танытқан жігіт қамауға алынды

Шымкентте сарбаздардың қазасына қатысты тікелей эфирде балағат сөз айтқан ер адам жауапқа тартылды. Оған қоғамға құрметсіздік танытты деген айып тағылған.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында TikTok-тағы тікелей эфирді анықтаған. Эфир кезінде 21 жастағы Шымкент тұрғыны Нұрахмет Бердібай көрерменнің қаралы күнге қатысты сұрағына жауап берген.
Ол эфирде: “Каспийдегі сарбаздар біз үшін өліп пе” деп айтқан. Осылайша ол қоғамға анық құрметсіздік танытатын және тәртіпті бұзатын сөздер айтқан.
Сонымен қатар тікелей эфирге 22 жастағы Абзал Мұсырманқұл мен Бақдәулет Мұстафа қатысқан. Сот шешімімен Нұрахмет Бердібай 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар полиция үш азаматқа да қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеу туралы ресми ескерту жасаған.
“Олар ішкі істер органдарында бір ай мерзімге профилактикалық есепке қойылды”, – делінген хабарламада.



