Тоқаев: Біз «тарихи жарақат алған ұлт» психологиясынан арылуымыз керек
V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам санасын жаңғырту, ұлттық бірлік, сыртқы саясаттағы ұстаным және жаһандық өзгерістер жағдайындағы Қазақстанның бағыты туралы маңызды мәлімдеме жасады
Мемлекет басшысы ең алдымен қоғамдағы өткенге байланып қалу психологиясынан арылу қажеттігін атап өтті.
«Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз “тарихи жарақат алған” ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек», — деді Президент.
Оның айтуынша, барлық қасіретті өзге халықтардан көру, ұлт тағдырына қатысты бітпейтін даулар жүргізу – өткен күнмен өмір сүрудің көрінісі.
«Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз. Сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Авраам келісімі – адамзатты біріктіретін құндылықтарға негізделген
Президент Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуының символдық әрі саяси маңызына да тоқталды.
Оның айтуынша, бұл келісімнің мәнін түсіну үшін атауына назар аудару қажет.
«Авраам, яғни Ибраһим – иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар. Бұл – адамзатты біріктіретін ортақ рухани негіз», — деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан әрдайым түрлі дін мен ұлт өкілдері арасындағы татулықты жақтайтынын атап өтті.
«Осы келісімге қосылуымыздың мән-мағынасы ерекше. Бұл шешім еліміздің халықаралық беделіне оң серпін береді», — деді ол.
Қазақстан – жауапкершілігі жоғары орта держава
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық аренадағы орнына ерекше тоқталды.
«Қазақстан – жауапкершілігі жоғары орта держава және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет», — деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз әрдайым ақылға қонымды, әділ әрі түсінікті саясатты ұстанады.
«Сыртқы саясаттағы барлық іс-әрекетіміз бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы – Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету», — деді ол.
Президент үшін Тәуелсіздік – ең биік құндылық екенін айрықша атап өтті.
«Мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Бұл мерекелік ұран емес, қазіргі күрделі кезеңдегі ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол тәуелсіздіктің тірегі – жалпыұлттық бірлік пен келісім екенін тағы да еске салды.
Жаһандық өзгерістер дәуірі басталды
Президент әлемде түбегейлі трансформация жүріп жатқанын атап өтті.
«Әлем саясатта да, экономикада да, климатта да, технологияда да өзгеріп жатыр», — деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Қазақстан да батыл әрі инновациялық шешімдер қабылдауы тиіс екенін айтты.
«Қазір батыл, стандарттан тыс, тіпті инновациялық шешімдер қабылдайтын уақыт келді. Бұл үндеуім, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлерге және ғалымдарға арналған», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, үлкен тарихи бетбұрыс кезеңі басталды.
«Үлкен, түбегейлі өзгерістер дәуірі келді. Қазақстан жаңа тарихи шындықта өзіне лайық орнын алуы тиіс», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.



