Қоғам

Журналист Қазақстан әскерін 100% келісімшартқа өткізуді ұсынды

Қазақстандық журналист Айсұлтан Жақыпов еліміздің Қарулы күштерін түгелдей келісімшарт негізіндегі кәсіби әскерге ауыстыруды ұсынды. Оның пікірінше, бейбіт уақытта әскерге шақыру жасын 21-ге көтеріп, сарбаздарға берілетін жалақы мен әлеуметтік жеңілдіктерді түбегейлі қайта қарау қажет, – деп жазады Tiek.kz.

Журналист өзінің Facebook парақшасында бұған дейін келісімшарттық әскерге өту жобасының сәтсіз болуын мерзімнің тиімсіздігімен байланыстырды. Ол санды азайтып, сапаға – кәсіби армияға көшудің нақты тетіктерін атап көрсетті.

Икемді келісімшарт және жоғары жалақы

Жақыповтың ұсынысы бойынша, әскердегі келісімшарт мерзімдері 3, 6 және 12 айға бөлініп, жалақы соған сай лайықталуы тиіс:

  • 3 айлық келісімшарт – 250 000 — 400 000 теңге;

  • 6 айлық келісімшарт – 350 000 теңге;

  • 12 айлық келісімшарт – 500 000 теңге.

Егер қызмет ұнаса, сарбаз келісімшартты тағы 1-3 жылға соза алады. Ал 3 айлық мерзімге келгендерге қаруды шашып-жинау сияқты базалық машықтар үйретіліп, олар кемінде 3 рет полигонда оқ атуы керек. Сондай-ақ, тұрақты жұмысы бар азаматтар үшін жұмыс орны мен жалақысын сақтай отырып, 1 айдан 3 айға дейінгі әскери дайындық курстарынан өту құқығы берілуі қажет.

Ипотека мен отбасылық жәрдемақы

Автор қазіргі жүйеде жеңілдіктердің көбі тек офицерлерге қарастырылғанын сынайды. Ол 12 айға келісімшарт жасасқан қатардағы қызметкерлерге мынадай әлеуметтік пакет ұсынуды сұрайды:

  • Төмендетілген пайызбен несие және баспана бағдарламаларына қатысу;

  • Әскери қызметкердің балаларын мектеп пен балабақшаға кезектен тыс қабылдау;

  • Отбасындағы әрбір адамға ай сайын 50 мың теңгелік көмекақы төлеу (бұл көмек баспанасы бар болса да үзілмеуі тиіс);

  • Ипотекаға үй алған әскери қызметкерді қарызы толық біткенше басқа қалаға немесе басқа бөлімге ауыстырмау.

«Сайлауға шашқан ақшаны әскерге бөлу керек»

Журналист бұл реформаларға қыруар қаржы қажет деген сылтауды қабылдамайтынын кесіп айтты.

«Бұл үлкен қаржыны талап етеді деген сылтау қажет емес. Сайлау, референдум, түрлі жиынға ақшаны шашып жатырмыз ғой. Әскерден де ақша аямау керекпіз», – деп жазды ол.

«Офицер болу үшін 2 миллион теңге тауып бере алмадым»

Айсұлтан Жақыпов бұл ұсыныстарды сырттан бақылап емес, әскери жүйенің ішінде жүріп түйгенін айтады. Ол 2 жыл Шекара қызметінде, 3 жыл Қарулы күштер сапында келісімшартпен қызмет еткен.

«Офицер болуға (замполит болғым келген) талпындым және 2 млн теңге тауып бере алмағандықтан сержант құрамында қала бердім. Осылайша әскерге деген қызығушылығым өшкен. Осыдан 2-3 жыл бұрын ЖОО дипломы бар сержанттарға офицер атағын беріпті. Заманның түзеле бастағаны ғой деп қуандым шыны керек», – деп түйіндеді сөзін журналист.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button