Маңғыстаудағы трагедия: Бес лауазымды тұлға қамауға алынып, арнайы қорға ақша жинау тоқтатылды

Ақтау қаласында Маңғыстау облысындағы әскери қызметшілердің қаза болуына әкеп соққан төтенше жағдайдың себептерін тергеу және салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында кінәлі деген күдікпен 5 лауазымды тұлғаның қамауға алынғаны және марқұмдардың отбасына көмек көрсетуге арналған қордың жабылғаны мәлім болды, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Әскери-теңіз күштерінің басшылығы қамауға алынды
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жалғастырып жатыр. Қазірдің өзінде қылмыстық іс аясында бес лауазымды тұлға күдікті ретінде танылып, Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың қатарында:
-
ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы;
-
Екі әскери бөлімнің командирі;
-
Теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі;
-
Катер командирі бар.

«Тергеу және процессуалдық шаралар толық көлемде жалғасып, қажетті сараптамалар жүргізілуде. Тергеу барысында барлық қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне қатаң құқықтық баға беріліп, күдіктілердің толық құрамы түпкілікті анықталады», – деді Санжар Әділов.
Әр отбасыға жеке маман бекітіледі
Отырысты қорытындылаған Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев мемлекеттің қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету жөніндегі барлық міндеттемені толық көлемде өз мойнына алатынын қадап айтты. Заңда көзделген кепілді төлемдер еш кідіріссіз төленеді. Сондай-ақ, әр отбасыға тұрақты түрде атаулы қолдау көрсету үшін арнайы жауапты мамандар бекітілетін болды.
Қорға ақша жинау тоқтатылды: Қаражат қалай бөлінеді?
Жиын барысында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелеріне, Құрылтай депутаттарына, саяси партияларға, кәсіпкерлер мен меценаттарға және барлық жанашыр азаматтарға көрсеткен ынтымақтастығы үшін алғыс айтылды. Азаматтық бастаманың арқасында арнайы қорға қажетті қаражат толық жинақталған. Осыған байланысты қаражат жинау жұмысы ресми түрде аяқталды деп жарияланды.
Қор қаражатын отбасыларға және зардап шеккендерге ашық, атаулы әрі әділ бөлу мақсатында арнайы комиссия құрылды. Оған Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов жетекшілік етеді.
Құқық қорғау және мемлекеттік органдарға жиналған қаражаттың мақсатты жұмсалуына қатаң бақылау орнату тапсырылды. Жалпы тергеу барысы мен жан-жақты көмек көрсету жұмыстары Үкіметтік комиссияның тікелей бақылауында қала береді.



