«Қазақ армиясының абыройын түсіріп алмайық»: Құрылтай депутаттары 14 сарбаздың қазасы туралы пікір білдірді
Қазір одан да маңызды жұмыс тұр. Аман қалған сарбаздардың денсаулығын қамтамасыз ету, туған-туыстарына көмек көрсету керек. Елдің қауіпсіздігі, қазақ армиясының абыройын түсірмеуді ойлайық.

Маңғыстау облысындағы әскерилердің қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырып кетті. Айдың күннің аманында 14 сарбаз көз жұмып отыр. Қазіргі таңда тергеу амалдары басталып, кінәлілерден жауап алынып жатыр. Қалың жұрттың қабырғасын қайыстырған трагедияға нақты кім жауапты, қорғаныс министрі жауапқа тартылуы тиіс пе деген сауалдармен тілшіміз Құрылтай депутаттарының пікірін білген еді.
Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров бұл Мемлекет басшысының құзырындағы дүние екенін айтады.
«Әрине, ауыр қаза. Ауыр жағдай. Бізге алдымен сабыр керек. Тергеу амалдары көрсетеді. Кім жауапты екенін сол тергеу барысы анықтайды. Осы жағдайдан кейін Әділет партиясының фракциясы осы жағдайға байланысты талқылау өткізуге бастама білдіреді деп ойлаймын. Құрылтай жалпы нақты жауап тала ететін болады», -дейді ол.
Депутат Олжас Құсбеков те осындай пікір білдірді. Нақты кімдердің жауап беретінін Президент тапсырмасымен құрылған комиссия анықтайды.
«Тергеу жүріп жатыр. Содан кейін нақты не себеп болғаны халыққа жария етіледі. Нақты қандай шешім болатынын Бас қолбасшы -Президент айтатын болады», — дейді ол.
Сол секілді Айдос Сарым да тергеудің аяқталуын күтуге шақырды. Айтуынша, әзірше жөн-жосықсыз командирлерлі жазалаудан еш пайда жоқ.
«Кінәлілер сөзсіз жазасын алады. Тергеу басталды, екі бап бойынша іс қозғалды. Тергеу қорытындысы шыққан соң бұл мәселе күн тәртібіне қойылады. Сол кезде бәрі ашық айтылады. Қазір одан да маңызды жұмыс тұр. Аман қалған сарбаздардың денсаулығын қамтамасыз ету, туған-туыстарына көмек көрсету керек. Елдің қауіпсіздігі, қазақ армиясының абыройын түсірмеуді ойлайық. Армияға, қазақ сарбаздарына сын армияға деген күмәнға алып келмесе екен деп тілеймін», — дейді Айдос Сарым.
Қазіргі уақытта Маңғыстаудағы төтенше жағдай бойынша күдіктілер анықталып, қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссияның отырысында бірінші кезектегі тергеу іс-шараларының нәтижелері және болған оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау жөніндегі кезекті қадамдар қаралды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, қаза болу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі («ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық істер қозғалған. «Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға және құтқару іс-шараларын жүргізуге байланысты заң бұзушылықтарға жол берді деп күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Олардың іс – әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», — деді Санжар Әділов.
Отырыста аман қалған сарбаздардың да жайы сөз болды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, әскери қызметшінің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Әскери қызметші есін жиып, барлық қажетті медициналық көмекті алып жатыр. Жанында ата-анасы бар. Отырыс барысында қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.



