Маңғыстаудағы трагедия: Күдікті лауазымды тұлғалар анықталып, зардап шеккендерге арнайы қор ашылды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссия отырысында Маңғыстаудағы төтенше жағдайдың алғашқы тергеу нәтижелері жарияланды. Жауапты тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жұмыстары басталды, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, қайғылы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалған:
-
453-баптың 2-бөлігі – «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау»;
-
465-бап – «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу».
«Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға және құтқару іс-шараларын жүргізуге байланысты заң бұзушылықтарға жол берді деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – деді Санжар Әділов.
Құтқарылған сарбаздың жағдайы қалай?
Жиында оқиғадан аман қалған әскери қызметшінің денсаулығы да жеке қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, қазіргі уақытта сарбаздың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ол есін жиып, барлық қажетті медициналық көмекті толық алып жатыр. Сарбаздың қасында ата-анасы бар.
Арнайы қор және абсолютті ашықтық
Отырыс барысында қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұл бағытта мынадай шаралар қабылдануда:
-
Заңда белгіленген мемлекеттік төлемдер мен өтемақылардан бөлек, бизнес өкілдері мен меценаттар тарапынан қаржылық қолдау көрсетіледі;
-
Қаражатты бір жерге шоғырландыру үшін арнайы қор ашылды;
-
Түскен қаражатты бөлудің абсолютті ашықтығы қамтамасыз етіледі.
Аталған қордың қызметі мен қаражаттың үлестірілуін Маңғыстау облысының әкімдігі тұрақты бақылауға алды.



