Қоғам
Тренд

Қазақстанда жарияланған жалпыұлттық аза тұту күндері

Бұл – Қазақстан Республикасының тарихындағы он үшінші қаралы күн екен.

Бүгін Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі жағалауында әскери оқу-жаттығу кезінде 12 сарбаздың қаза табуына байланысты ел аумағында Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Бұл – Қазақстан Республикасының тарихындағы он үшінші қаралы күн.

Халықтың қабырғасын қайыстырған алғашқы қаралы күн 2006 жылы 22 қыркүйекте болды. Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада техногендік апат тіркелді. Метанның жарылуынан 41 кенші қаза тапты, 7 жұмысшы зардап шекті.

2008 жыл, 14-16 қаңтар. Бұл жолы да «Абай» шахтасында метан жарылды. Жарылыс арты қызыл жалынға ұласып 30 адамның өмірін жалмады. 14 кенші түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Қатарынан 3 күн аза тұтылды.

2010 жыл, 16 наурыз. Ел тарихындағы жойқын су тасқыны. Алматы облысы Қызылағашта болған қайғылы оқиға. 45 адам қаза тапты, оның 8-і бала.

2012 жыл, 5 маусым. Арқанкергендегі қанды оқиға. 14 шекарашы мен қорықшы опат болды.

2012 жыл, 27 желтоқсан. Шымкентте ұшақтың құлауы. Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Бортындағы 27 жолаушының барлығы ажал құшты.

2013 жыл, 31 қаңтар. SCAT компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 16 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі тіл тартпай кетті. Көкшетаудан көтерілген Алматыға жетпей құлады.

2016 жыл 9 маусым. Ақтөбедегі лаңкестік. Террорлық акт салдарынан 8 адам қаза тапты. Антитеррорлық операция кезінде 18 қылмыскердің көзі жойылды.

2019 жыл, 28 желтоқсан. BekAir ұшағының апатқа ұшырауы. Алматы маңында апат болып, 12 адам ажал құшты.

2020 жыл, 13 шілде. Ұлттық аза тұту күні. Қазақстандықтар коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды еске алды.

2021 жыл 29 тамыз. Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

2022 жылғы 10 қаңтар – Қаңтар оқиғалары салдарынан қаза тапқан 238 азаматты еске алу күні;  

2023 жылғы 12 маусым – «Семей орманы» резерватындағы өрттен 14 орман шаруашылығы қызметкері қаза тапты;  

2023 жылғы 29 қазан – Костенко шахтасындағы апат салдарынан 46 кенші қаза тапты;  

2026 жылғы 25 қыркүйек – Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде 12 әскери қызметші қаза тапты.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button