Салғырттық және кеме жүргізу ережелерін бұзу: Каспийдегі оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғалды
Жүздеген құтқарушы, авиация және сүңгуірлер әлі де іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Ақтауда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің айтуынша, «Қызметке салғырт қарау» және «Кеме жүргізу ережелерін бұзу» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу барысында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, қажетті сараптамалар тағайындалған. Қанат Бозымбаев оқиғаның барлық мән-жайын қысқа мерзімде анықтап, жауапты тұлғаларға қатысты шара қабылдауды тапсырды. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Комиссия жұмысы жалғасып жатыр.
Сонымен қатар, Каспий теңізінің акваториясында тәулік бойы үздіксіз іздестіру-құтқару операциясы жүргізілуде. Іздестіру-құтқару жұмыстарына оқиға орнында тікелей басшылықты Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жүзеге асыруда.
Жүздеген құтқарушы, авиация және сүңгуірлер жұмыс істеп жатыр.
Ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды.
Ведомстволардың күштері мен құралдарымен су айдыны, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтар әуеден үздіксіз бақыланып, тексерілуде. Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында тергеу іс-шараларын жүргізуде.
Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Еске сала кетейік, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен әрі күрт нашарлап, желдің екпіні күшеюіне байланысты ашық теңізге 17 әскери қызметшіні алып кеткен болатын. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде үш әскери қызметші құтқарылды, тағы екеуін іздеу жұмыстары жалғасуда.
Өкінішке қарай, 12 әскери қызметші қаза тапты.



