Онлайн кредит алудың жаңа тәртібі: биометриялық тексеру міндеттелді
Енді Қазақстанда банк пен микроқаржы ұйымдарынан онлайн кредит алу үшін азаматтар міндетті түрде биометриялық тексеруден өтеді
Жаңа талаптар алдағы 10 күн ішінде күшіне енеді. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының жаңалықтар қызметі хабарлады
Жаңа тәртіпке сәйкес, онлайн кредит рәсімдеу кезінде жүйе азаматтың шынайы адам екенін анықтау үшін бірнеше тапсырма ұсынады. Атап айтқанда, өтініш берушіге:
-
басын бұру,
-
көзін жыпылықтату,
-
камераға қарау
сияқты әрекеттерді орындау қажет болады.
Егер биометриялық тексеру үш реттен өтпесе, кредит берілмейді.
Тексеру барысында алынған бейне мемлекеттік дерекқордағы немесе арнайы базаға енгізілген фотосуретпен салыстырылады. Бұл бөтен адамның суретін немесе алдын ала жазылған видеоны пайдалану арқылы кредит рәсімдеу мүмкіндігін шектеуге бағытталған.
Биометриялық тексерістің нәтижелері электронды түрде тіркеліп, банк немесе микроқаржы ұйымының ақпараттық жүйесінде сақталады. Мәліметтер тек қорғалған қауіпсіз арналар арқылы өңделеді.
Сонымен қатар жаңа ереже аясында мерзімді әскери қызметтегі азаматтарға кредит алуға тыйым салынады.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер онлайн кредит алаяқтығының алдын алып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.



