Қызметтерді цифрландырудан технологиялар экспортына: Қазақстан 7 жылда қандай жетістікке жетті?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен өткен жеті жыл ішінде Қазақстан ауқымды цифрлық трансформациядан өтіп, технологиялық дамудың мүлдем жаңа кезеңіне аяқ басты. Еліміз жай ғана ішкі қызметтерді цифрландырып қоймай, жаһандық нарыққа технологиялар экспорттауға көшті, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Бұл бағыттағы 2019–2026 жылдар аралығындағы негізгі көрсеткіштер мен рекордтар еліміздің цифрлық әлеуетінің қаншалықты артқанын айқын көрсетеді.
IT-экспорт 38 есе өсіп, ғарыш технологиялары сатыла бастады
Қазақстандық IT-өнімдер халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Тек ішкі нарықпен шектелмей, отандық технологияларды шетелге сатуда тарихи рекордтар орнатылды:
-
IT-экспорт: Көрсеткіш небәрі 30 миллион доллардан 1,142 миллиард долларға жетіп, бірден 38 есеге артты. Оның ішінде тек Astana Hub-тың өзі 633 миллион доллардың үлесін қамтамасыз етті.
-
Ғарыштық технологиялар: Бұрын бұл саладағы экспорт мүлдем жоқ (нөлдік көрсеткіш) болса, бүгінде ол 70 миллион долларға жетіп отыр.
Смартфондағы мемлекет және қолма-қол ақшасыз өмір
Қазақстандықтар үшін қағазбастылық артта қалып, мемлекетпен байланыс толығымен телефонға көшті.
-
Электрондық үкімет (E-Gov): БҰҰ-ның 193 елді қамтитын жаһандық рейтингінде Қазақстан 15 сатыға ілгерілеп, 39-орыннан 24-орынға көтерілді.
-
Мемлекеттік қызметтер: Қызметтердің цифрландырылу үлесі 80%-дан 91%-ға дейін өсті. Ең бастысы – барлық цифрлық мемлекеттік қызметтердің 96%-ы смартфон арқылы қолжетімді.
-
Қолма-қол ақшасыз экономика: Халық қолма-қол ақшадан жаппай бас тартты. Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 14 есеге артып, 13,3 триллион теңгеден 186,3 триллион теңгеге бір-ақ секірді.
98% интернетпен қамту және 5G дәуірі
Цифрлық дамудың басты тірегі – сапалы әрі жылдам интернет. Осы жылдар ішінде халықты интернетпен қамту деңгейі 84%-дан 98%-ға дейін ұлғайды.
Ал ғаламтордың орташа жылдамдығы 21 Мбит/с-тан 88–94 Мбит/с-қа дейін артып, төрт еседен астам өсім көрсетті. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде бесінші буын байланысы – 5G желісі белсенді түрде енгізіліп жатыр.



