«Командирлер «суға түсіңдер!» деп бұйрық берген»: Каспиде суға кеткен сарбаздар саны 12-ге жетті

Каспиде әскери-жаттығу кезінде суға кеткен сарбаздар саны 12-ге жетті деген ақпарат тарады.
Ақтаудағы Lada.kz басылымы оқиға орнында жүрген тілшісіне сүйене отырып, іздеу-құтқару жұмысы кезінде тағы екі әскери қызметкердің денесі судан шығарылғанын жазды. Алайда Қорғаныс министрлігі әзірге, бұл ақпаратты ресми түрде растамады.
Желіде әскерилер көз жұмған жағалаудың видеосы тарап жатыр. Кадрлар 22 қыркүйекте Ақтауда басталған «Хазар қорғаны – 2026» әскери оқу-жаттығуы кезінде түсірілген.
Блогер Азамат Сәрсенбаевтың айтуынша, оқу-жаттығу жұмыстарына 500-ден астам әскери қызметкер, әскери кемелердің экипаждары, жағалау бөлімшелері, ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті және Әуе қорғанысы күштері қатысқан.
Блогердің мәліметінше, командирлер сарбаздарды тереңдігі бір метрдей суға түсуге бұйырған. Алайда толық әскери киім-жабдықпен жағаға беттеген сарбаздар тереңдігі шамамен екі метр болатын жерге тап болып, суға батқан. Сондай-ақ, көз жұмғандардың көбінің әскери қызметін аяқтауына небәрі 8-9 күн қалғанын айтады.
Премьер-министрінің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.
“Премьер-министр Олжас Бектенов Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз ету және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды”, – делінген хабарламада.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнында Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінің, сондай-ақ прокуратураның қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



