Саясат
Тренд

«Халық Кеңесі Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды» — Тоқаев

Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтіп жатыр. 

Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөз сөйлеп, жаңа институтты құрудың мақсаты мен оның Құрылтаймен өзара байланысына тоқталды.

Президент Қазақстан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың өкілеттіктері бір-бірінен бөлек екенін нақтылады.

Алайда мына нәрсені бірден түсініп алған жөн. Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды.

Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі институттың басты міндеті – бір-бірін толықтырып, бірлесе жұмыс істеу.

Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек.

Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет, – деді ол.

Президент елдің ортақ мақсаты мен Отанның бір екенін атап өтті.

Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымдауынша, заң жобаларын әзірлеуде халық пікірі ескерілуі керек.

Мемлекет басшысы заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін толыққанды ескеру қажеттігін айтты.

Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіргенін атап өтті.

Осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button