Геннадий Шиповских: «Қоғамдық кеңес мүшелері жалақы алмайды»

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері жалақы алмайды. Бұл туралы Халық кеңесіне мүше болған экс-сенатор Геннадий Шиповских мәлімдеді.
Айтуынша, Президент жарлығымен құрылған жаңа консультативтік органның мүшелері жалақы алмайды. Барлық жұмыс қоғамдық негізде атқарылады.
«Қазақстан халқы кеңесінің мүшелерінің барлығы қоғамдық негізде жұмыс істейтін азаматтар. Оны қоғам нақты түсінуі керек. Екі жақтан да жалақы алып отыру деген болмайды», — дейді ол.
Сондай-ақ ол Халық Кеңесінің құрамында болуы үлкен жауапкершілік екенін айтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өзімнің алғысымды жеткізгім келеді. Бұл – мен үшін үлкен сенім, әрі үлкен жауапкершілік», – дейді ол.
tiek.kz сайтының тілшісіне берген сұқбаты барысында ол өзінің жаңа қызметі жайлы да айта кетті.
Айтуынша, «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалған. Кеңесші қызметіне кіріскеніне екінші апта болған. Қазіргі уақытта жаңа ұжыммен, аппарат қызметкерлерімен танысып, алдағы атқарылар жоспарлар мен міндеттерді пысықтап жатқанын жеткізді.
Теміржол саласындағы жұмысшылардың арыз-шағымдары мен көтеріліп жатқан өзекті мәселелері де назардан тыс қалмайды. Бұған дейін де бұл бағытта бірқатар бастамалар көтерілген болатын, алдағы уақытта олардың жүйелі түрде шешілуі үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.



