Астанада KeshYou тобының концертінде төбелес болды

Астанада KeshYou тобының мерейтойлық концертінде фан-аймақта екі ер адам жанжалдасып, төбелесіп қалған. Полиция оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлады Stan.kz.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан екі ер адамның алдымен сөзге келіп, кейін төбелесіп қалғанын көруге болады.
Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, қазір жанжалға қатысқандардың жеке басы анықталып, оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.
“Тексеру нәтижесі бойынша жанжалға қатысқандар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады”, – делінген хабарламада.
KeshYou тобының 20 жылдығына арналған мерейтойлық концерт 19 қыркүйекте Астанадағы “Барыс Аренада” өтті.
Еске салайық, бұған дейін Мөлдір Әуелбекова КешYou-дың концертіне қатыспайтынын мәлімдегені хабарланған еді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, концерт өзісіз де жоғары деңгейде өтеді. Ол, осылайша, өнер жолындағы үлкен бір тараудың бетін жабатынын жеткізді.



