Азия ойындары: Қазақстан ұлттық құрамасы жарыстың алғашқы күнінде-ақ төрт алтын медаль жеңіп алды

Жапонияның Айчи-Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындары Қазақстан үшін сәтті басталды.
Дүбірлі доданың алғашқы жарыс күнінде-ақ отандық спортшылар ел қоржынын төрт алтын және екі қола медальмен толықтырып, жанкүйерлерін қуантты. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі ресми мәлімдеді.
Жеңіс тұғырынан көрінгендер

Рината Сұлтанова (Велоспорт): Ел құрамасына алғашқы алтын медальді әйелдер арасындағы жекелей уақытқа жарысуда (шоссе) бақ сынаған велошабандоз Рината Сұлтанова әкелді. Ол жарыс жолын 36:23.72 уақытта бағындырып, қарсыластарына мүмкіндік қалдырмады.
Айта кетейік, бұл — спортшының карьерасындағы екінші Азиада. Бұған дейін Ханчжоу ойындарында қола жүлдегер атанған болатын.

Алексей Луценко (Велоспорт): Қазақстандық велоспорттың көшбасшысы, ерлер арасындағы жекелей сында сынға түскен Алексей Луценко ел қоржынына екінші алтынды салды.
Тәжірибелі спортшы 41:24.05 көрсеткішімен топ жарды. Айта кетейік, Луценко бұған дейін де (2014, 2018 және 2023 жылдары) Азия ойындарының чемпионы атағына қол жеткізген еді.

Жоламан Биғабыл (Каратэ): Каратэ-до дисциплинасы бойынша 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жоламан Бигабыл финалда Өзбекстан спортшысы Х. Халимовты 9:1 есебімен ойста жеңіп, үшінші алтын медальді иеленді. Бұл — жас спортшының Азия ойындарындағы алғашқы үлкен жеңісі.

Софья Берульцева (Каратэ): Ел намысын 68 келіден жоғары салмақта қорғаған әлем чемпионы Софья Берульцева қарсыластарының бәрін басып озып, төртінші алтынды қоржынға салды. Осылайша, ол Ханчжоудағы Азиададағы чемпиондық атағын сәтті қорғап шықты.
Осылайша, жарыстың алғашқы күнінде-ақ төрт мәрте әнұранымыз шырқалып, көк туымыз желбіреді. Алдағы күндері де спортшыларымыз басқа да бәсекелерде бағын сынап, ел мерейін үстем етеді деген үміт зор.


