Ермек Серкебаевтың 100 жылдығы: Арман Қырықбаев Парижде ЮНЕСКО басшысымен кездесті

Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев ұйымның бас директоры Халед әл-Ананимен кездесті. Жүздесу КСРО халық әртісі, көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өтті, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Қазақстанның бастамасымен біртуар өнер иесінің 100 жылдығы 2026 жылы ЮНЕСКО аясында атап өтілетін мерейтойлар қатарына ресми түрде енгізілген. Министр Арман Қырықбаев бұл бастаманы қолдағаны үшін ұйым басшылығына алғыс білдіріп, ЮНЕСКО-ның Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге танытудағы рөлін жоғары бағалады.
Жетісудың сәулет өнері ЮНЕСКО тізіміне ұсынылмақ
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын, оның ішінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілетін жаңа номинацияларды талқылады. Осы орайда:
-
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Бүкіләлемдік мұра орталығына «Жетісудың киелі ағаш сәулет өнері: мәдениетаралық диалог пен орнықтылық мұрасы» атты сериялық номинацияны алдын ала бағалау жөнінде сұрау жолданды;
-
Бұл номинацияға тарихи маңызы зор Жаркент мешіті мен Вознесенск кафедралды соборы кірді;
-
Халед әл-Анани ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытудағы ерекше рөліне назар аударды.
Парижде әуелеген «Дәуір дауысы»
Кездесуден кейін ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған «Дәуір дауысы» атты гала-концерт өтті. Салтанатты кешке ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры Лазар Элунду Ассомо, дипломаттар және әншінің туған-туыстары қатысты.
Кештің ашылуында Арман Қырықбаев ұлы әншінің шығармашылық мұрасына тоқталды:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ықпалдастығын одан әрі нығайтуға және ұлттық мәдени мұрамызды халықаралық деңгейде кеңінен танытуға айрықша мән береді. Ұлы әншінің мерейтойын ЮНЕСКО төрінде атап өту біз үшін үлкен мәртебе. Ермек Серкебаев әлемнің елуге жуық елінде өнер көрсетті. Оның дауысы Франция сахналарында да естілді. Сондықтан бүгінгі кешті ұлы әнші мен Париж көрермені арасындағы шығармашылық үндестіктің жалғасы деп білемін».
Концертте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, хоры мен симфониялық оркестрі өнер көрсетіп, қазақ және әлемдік опера классикасының жауһарларын орындады. Сондай-ақ сахнада Ермек Серкебаевтың туған інісі Мұрат Серкебаевтың қызы, белгілі скрипкашы Жәмила Серкебаева өнер көрсетті.
Айта кетейік, бұған дейін әншінің 100 жылдығына арналған концерт Астана қаласында да өткен болатын. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Серкебаевты «ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайталанбас дарын иесі» деп бағалап, арнайы құттықтау жолдаған еді.



