Спорт

Әлімханұлы әлем чемпионы Хамза Ширазбен жұдырықтасуға келісім берді

Алдын ала мәлімет бойынша, жекпе-жек 28 қарашада немесе 5 желтоқсанда өтуі мүмкін.

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Ширазбен жұдырықтасуға ресми түрде келісім берді, деп жазады 1bol.kz сайты.

WBO президенті Густаво Оливьери Әлімханұлының мүддесін қорғайтын Top Rank компаниясы ұйымға жазбаша жауап жібергенін мәлімдеді. Құжатта қазақстандық боксшының міндетті чемпиондық жекпе-жекті өткізуге дайын екені көрсетілген.

Енді кездесудің ұйымдастырылуы үшін Шираздың командасы да осындай ресми келісім беруге тиіс.

Жекпе-жекті өткізу құқығына арналған промоутерлік сауда 16 қыркүйекте өтті. Шираздың мүддесін қорғайтын Queensberry Promotions компаниясы 1 001 809 доллар ұсынып, саудада жеңіске жетті. Top Rank ұсынған сома 820 мың доллар болды.

WBO ережесіне сәйкес, жүлде қоры чемпионның пайдасына 75/25 үлесімен бөлінеді. Егер кездесу сауда қорытындысындағы шарттармен өтсе, Шираз шамамен 751 мың, ал Әлімханұлы 250 мың доллар алады.

Алдын ала мәлімет бойынша, жекпе-жек 28 қарашада немесе 5 желтоқсанда өтуі мүмкін. Кездесуді қабылдауға үміткер қалалардың қатарында Лондон, Бирмингем және Нью-Йорк бар.

Шираз тарапы келісімін бергеннен кейін жекпе-жектің нақты күні мен өтетін орны ресми түрде жарияланады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button