Үндістанда Қазақстан азаматы 4 айдан бері кемеде қамауда отыр: Сыртқы істер министрлігі нота жолдады

Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.
“Ақпаратқа сәйкес, кемені ұстауға кеме иесінің жергілікті жанармай жеткізушісі алдындағы қаржылық қарызы себеп болған. Қазақстандық дипломаттар азаматымыздың елге қайтуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр”, – деді Үсенов.
Үндістанның сыртқы істер министрлігіне жағдайды реттеуге жәрдем көрсету туралы тиісті дипломатиялық нота жолданған.
Сонымен қатар, министрлік өкілі аталған ҚР азаматы және оның отбасы мүшелері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне көмек сұрап жүгінбегенін атап өтті.
Бұған дейін БАҚ-та Қазақстан азаматы 11 мамырдан бері Үндістанда қамауда тұрған Unity мұнай танкерінің экипаж құрамында екені туралы ақпарат тараған еді. Камерун туымен жүзетін кеме жүк түсіру жұмыстары аяқталғаннан кейін кеме иесіне қатысты қаржылық талаптарға байланысты қамауға алынған.
Даулы мәселеге қатысы бар екі компания да БАӘ-де тіркелген. Істі Үндістанның Орисса штатының соты қарап жатыр. Кеме бортында барлығы 23 адам бар. Теңізшілердің елге қайту мәселесі әзірге шешілген жоқ.



