«Боди массаж жасайды»: актер Нұрсұлтан Жақсыген үш жылға сотталды

Актер әрі әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыген мен оның бұрынғы жұбайы Фариза Алмазқызы арасындағы ұзаққа созылған дауға нүкте қойылды. Сот шешімімен Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды.
Бұл туралы жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның адвокаты хабарлады.
Қылмыстық іс Алматы облысы Қарасай аудандық сотында қаралды. Жақсыгенге қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы негізінде іс қозғалған. Бұл бапта «онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат тарату» әрекеті көрсетілген.
«Сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді», – деп жазды адвокат.
Сондай-ақ Фаризаның Сабырәлиеваның азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, оның пайдасына 5 000 000 теңге өндірілді.
Фариза Алмазқызының айтуынша, бұрынғы жұбайы ажырасқаннан кейін де оны тыныш қалдырмаған. Ол өзіне ғана емес, ата-анасына және отбасы мүшелеріне де қорлайтын сөздер айтылып, беделіне нұқсан келтіретін ақпараттар тарағанын мәлімдеген.
«Ұзақ уақыт бойы сабыр сақтап, мұның бәрі тоқтайды деп үміттендім», – деген Фариза кейін Қарасай аудандық полиция басқармасына арыз түсірген. Осыдан кейін сотқа дейінгі тергеу басталған. Ұзамай Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот басталған еді. Оған онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған.
Алайда әзілкеш өзіне тағылған кінәні мойындамады. Оның айтуынша, әлдекімдер жалған аккаунттар ашып, оның атынан түрлі хабарламалар жазған.
«Сот сараптама жүргізіп жатыр осы іс бойынша. Аккаунтыма байланысты атымнан түрлі парақшалар ашылып, жалған хабарламалар жазған. “Боди массаж жасайды” деп жазған мен емес. Әйелім мен отбасын сығандарға теңеген де мен емес. Мен тек “балаларды көрсет” деген тақырыптарда жаздым. Кез келген адам аккаунтына “Нұрсұлтан Жақсыген” деп жазып қоя салады. Менің өзімде TikTok-та, Instagram-да 10 аккаунт бар. Менің WhatsApp нөміріме шабуыл жасалды. Менде бүкіл дәлелдер бар. Сот мен деп шығарса, демек әділ емес», — деді ол.



