Орынбасарлары істі болған Атырау әкімі қызметінен кетті
Шәкір Кейкинді жиналыс үстінде ҰҚК қызметкерлері алып кетті деген сыбыс шыққан еді.

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қызметінен кетті деген ақпарат тарады.
Бұл ақпаратты Атырау облысы әкімдігі де растап, Шәкір Кейкіннің қала әкімі қызметінен өз еркімен кеткенін хабарлады.
Бұған дейін Шәкір Кейкиннің екі бірдей орынбасары істі болған еді. Маусым айында қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовқа қатысты соталды тергеу жүріп жатыр деген ақпарат шықты.
Арада бір ай өтпей тағы бір орынбасары Тілек Махуов 100 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады.
Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті оған қатысты соталды тергеу жүріп жатқанын растады. Ведомство тергеу құпиясына байланысты істің өзге мән-жайын жарияламады.
Ұзамай Шәкір Кейкинді жиналыс үстінде ҰҚК қызметкерлері алып кетті деген сыбыс шықты. Жауап алынған соң Шәкір Кейкин үйіне жіберілген. Ұзамай кейбір дерек көздері әкімнің тергеу аясында жауап беруге шақырылғанын хабарлады. Алайда оған қандай да бір айып тағылғаны туралы ресми ақпарат болған жоқ.
Осы оқиғалардан кейін қала әкімі Шәкір Кейкіннің біраз уақыт көпшілік алдына шықпауы да тұрғындардың назарын аударған. Желіде оның қайда жүргені туралы сауалдар көбейді.
Сол кезде әкімдік Кейкіннің денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз болғанын, кейін жұмысқа қайта шығып, міндетін атқарып жүргенін хабарлаған.
Айта кетерлігі, Шәкір Кейкин Атырау қаласын 2023 жылдан бері басқарып келді.



