Сараптама
Тренд

Машина үшін миллиондар — Мемсатып алу «маусымы»

Мемлекеттік органдар қандай көлік мінгісі келеді және оған қанша ақша жұмсамақ?

Мемлекеттік сатып алу порталында 2026 жылға көлік жалдау бойынша жарияланған конкурстарды қарасаң, сөз жай ғана «қызметтік көлік» туралы емес екенін бірден аңғаруға болады. Құжаттарда кім қандай көлік мінуі керек, ол көлік қайда кіре алады, қандай нөмір тағуы тиіс, тіпті қандай жағдайда ауыстырылуы қажет екеніне дейін егжей-тегжейлі жазылған. Tiek.kz редакциясы мемлекеттік сатып алу порталына үңілген еді.

Бұл сараптамада Алматы, Астана және Абай облысы бойынша жүктелген барлық техникалық сипаттамалар зерттелді. Нәтижесінде мемлекет көлік жалдауға ондаған миллион, кей жағдайда жүз миллион теңгеден аса қаражат бөлуге дайын екенін көруге болады. Бірақ ең көп сұрақ тудырғаны — Конституциялық сот жариялаған лот.


Мемлекет көлікті не үшін жалдайды?

Барлық құжатта ортақ бір талап бар: көлік — жай тасымал құралы емес, толық сервисті қызмет ретінде қарастырылады. Яғни:

  • жүргізушімен бірге;

  • жанар-жағармайы, жөндеуі, сақтандыруы ішіне кіреді;

  • GPS арқылы бақылау жасалады;

  • тәулік бойы дайын тұрады;

  • ақау шықса, бірден балама көлік беріледі.

Бірақ талаптардың тереңіне үңілсең, мемлекеттік органдардың талғамы әртүрлі екені анық көрінеді.


Алматы: бір көлікке айына 600 мың теңгеден асады

Алматы қаласының Қоғамдық даму орталығы жүргізушімен бірге бизнес-класс санатындағы автокөлікті жалдауға 6,46 млн теңге бөлген. Келісімшарт шамамен 10 айға есептелген.

Қарапайым есеппен:

  • айына — 646 мың теңге,

  • бір автокөлікке.

Бұл сомаға көліктің өзі ғана емес, жүргізуші, жанармай, техникалық қызмет толық кіреді. Бірақ келісім соңында көлік мемлекеттің меншігінде қалмайды.


Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ)

Лот құны: 8 068 965 теңге

Мерзімі: шарт жасалған сәттен бастап 31.12.2026 дейін

Көлік: кроссовер / жеңіл автокөлік

Ерекшелігі:

  • 2025 жылдан төмен емес
  • AWD (толық жетек)
  • 2 жүргізуші
  • 5G Wi-Fi, мультимедиа, панорамалық люк
  • VIP терминалға, стратегиялық нысандарға кіру рұқсаты
  • 24/7 режим
скрин: goszakup.gov.kz

 

 


Астана: бір көлікке айына 900 мың теңгеге жуық

Астанадағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» екі автокөлікті жалға алуға 22,3 млн теңге қарастырған. Жылдық есеппен бір көлікке айына 900 мың теңгеден асады.

Бұл — күнделікті 8–11 сағат жүретін, жүргізушісі бар қызметтік көлік.


Абай облысы: пикаптар және үш жылдық келісім

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Абай облысы бойынша филиалы үш жылға бірден келісімшарт жасауды жоспарлаған.

  • Жалпы сома — 78 млн теңге;

  • жыл сайын — 26 млн теңге;

  • 3 пикап, толық жетекті, жүргізушімен.

Нәтижесінде:

  • бір пикапқа айына 720 мың теңгеге жуық қаражат жұмсалады;

  • үш жылда бір көлікке 26 млн теңгеден асады.

Бұл сомаға нарықта дәл осындай пикапты толық сатып алуға болады.


Ең даулы лот: Конституциялық соттың конкурсы

Ең көп сұрақ тудырғаны — Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты жариялаған лот.

Бұл мекеме жеңіл автомобильдерді жалдау қызметіне 149,2 млн теңге бөлген. Құжатта:

  • кемінде 16 автокөлік;

  • шығарылған жылы — 2020 жылдан төмен емес;

  • қозғалтқыш көлемі — 2,0–2,5 литр;

  • бірақ ең бастысы — мемлекеттік нөмірлердің нақты сериялары талап етіледі.

Техникалық сипаттамада KZ, QR, UD, IB әріптік индексі бар нөмірлер міндетті деп көрсетілген.

Бұл неліктен маңызды?

Мемлекеттік органдар саласын білетін мамандарға белгілі жайт:
KZ, QR, UD, IB әріптік сериялы мемлекеттік нөмірлер тек Президент Іс басқармасына қарасты көлік шаруашылығында ғана бар.

Яғни бұл талап:

  • нарықтағы көлік компанияларының басым бөлігін автоматты түрде шеттетеді;

  • конкурсқа өте шектеулі орта ғана қатыса алатындай жағдай қалыптастырады;

  • іс жүзінде лоттың бір ғана операторға бейімделіп жасалғанын көрсетеді.

Бұл — «ең төмен баға» қағидатына формалды түрде сай болғанымен, бәсекені шектейтін талаптар арқылы нәтиже алдын ала болжанатындай әсер қалдырады.

Осы ақшаға не алуға болар еді?

Toyota Camry (жаңа) – орташа баға: 21 млн тг  — 7 су жаңа Camry

Kia K5 (жаңа) – орташа баға: 14–15 млн тг — 9–10 су жаңа Kia K5

Қарапайым тілмен: 149 млн теңге — бір мекемеге емес, тұтас автопаркке жететін қаражат.

Инфографика Tiek.kz

«Ең арзан баға» қағидасы қайда қалды?

Заң бойынша конкурсқа ең төмен баға ұсынған қатысушы жеңуі тиіс. Алайда:

  • жоғары класс,

  • арнайы нөмірлер,

  • тәулік бойы сервис,

  • резерв көлік

сияқты талаптар бағаны белгілі бір деңгейден төмен түсіруге мүмкіндік бермейді. Бұл жағдайда «арзан ұсыныс» — шартты ұғым ғана.


Қорытынды

Жүктелген барлық құжаттарды талдай келе, мемлекеттік органдар көлікті жалға алуға айына 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін, ал ұзақ мерзімде ондаған миллион теңге жұмсауға дайын екенін көруге болады.

Ал кейбір лоттарда техникалық талаптардың нақты бір құрылымға бейімделіп жазылғаны қоғам тарапынан сұрақ туғызбай қоймайды. Бұл — айыптау емес, ашық талқылауды қажет ететін мәселе.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button