Белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы басы дауға ілігіп жатқан Мақсат Ахановқа араша түсті, деп хабарлады tiek.kz.
Ақынның айтуынша, ол Мақсат Ахановпен телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында айтыскердің өз әрекетіне өкініп, қателігін түсінген.
«Жаңа Мақсат Ақанов бауырыммен телефон арқылы сөйлестім. Өзінің кешегі ісіне өкініп отырғаны байқалды. Қателікті мойындай білу де ер азаматтың бір жақсы қасиеті ғой (Әйтпесе, «онда тұрған не бар?» деп қасарысатындар да табылады). Бұл жолы серілігіне мастығы қосылып бас білмеген асаудай бағынбай кеткен сияқты. Атақты айтыс ақыны Нұржан Наушабаев:
Дүнияның көрдім зауқын серілікпен,
Мастық, жастық, барлығы қабаттасып…» –
деуші еді ғой. Сол айтқандай болған сияқты», – деп жазған Серікзат Дүйсенғазы өзінің facebook парақшасында.
Ол сондай-ақ, Мақсатт айтысқа алғаш шыққан кезінен білетінін айтып, оның бойынан айтыскерге тән көптеген қасиеттің табылатынын атап өтті.
«Мақсатты алғаш айтысқа шыққан кезінен білемін. Өте дарынды, айтыс ақынына тән синкретті қасиеттің барлығы бір бойынан табылатын сирек талант. Талантын былай қойғанда азаматтығы биік екеніне талай рет куә болғанмын.
Бұл жолы көз тиді ме, сөз тиді ме оңбай сүрінген-ақ екен. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» болмайды. Жеке бір кәсіпкердің туған ауылына жасаған қызықтама айтысында болған жағдай екен.
Айтыс ақындары одағы ұйымдастыратын ресми айтыс емес. «Ер салмағын ел көтереді, Ел салмағын жер көтереді» дегендей, серінің бір еркелігіне кешіріммен қарайық, ағайын. Жиырма жылдан аса сахнада қатар келе жатқан ініміздің қателігін көпшілік талқылап жатқанда мойнымызды ішке тығып үндемей қалу бізге де сын ғой. Оның кемшілігін аға ретінде біз тезге салармыз.
Өзі де кез келген сынды мойнымен көтере алатын жігіт қой. Енді қайталанбайды деп сенемін. Бір ашуларыңызды бізге беріңіздер, мәртебелі өнерсүйер қауым!», – деді Серікзат Дүйсенғазы.
Бұған дейін әлеуметтік желіде қарағандылық ақын Мақсат Ахановқа қатысты жайсыз видео тараған еді. Жазбадан Мақсаттың кезекті айтыстарының бірінен үзінді келтірілген. Сахнада ақынның мас шыққанын, сөздерін ұйқастыра алмай, лағып отырғанын байқауға болады.