Қоғам

Астанада шетелдік блогердің мойынына асылған полицей қыздар қызметінен қуылды

Астанада мысырлық тревел-блогер Ахмед Хаггагович түсірген видеодан кейін туристік полицияның екі қызметкері жұмыстан шығарылды. Кадрларда блогердің полицей қыздардың бірін көтеріп алып, билеп жүргенін көруге болады.
Оқиға Астанадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының алдында болған. Тревел-блогер екі полиция қызметкерімен бірге би билеп, кейін олардың бірін көтеріп алған.

Алайда видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Кейбірі полицейлердің мұндай әрекетін орынсыз деп бағалап, олардың сол сәтте қызметтік міндетін атқарып жүргенін атап өтті.

Астана полиция департаментінің мәліметінше, қызметтік тексеру барысында екі қызметкердің қызметтік әдеп нормалары мен полиция қызметкерлерінің мінез-құлқына қойылатын талаптарды бұзғаны анықталған.

«Қызметтік міндетін атқару кезінде және нысанды киімде мұндай әрекетке жол берілмейді. Полиция қызметкері кез келген жағдайда кәсіби арақашықтықты сақтап, белгіленген әдеп нормаларын ұстануы тиіс», – деп хабарлады департамент.

Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша екі қызметкер де ішкі істер органдарынан шығарылды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button