Көк Жайлаудағы жаңа жоба: Almaty Superski курорты Алматыға жылына 1 млрд доллар табыс әкелуі мүмкін

Тау туризмін дамыту Алматы қаласы үшін экономика, жұмыспен қамту және демалыс салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы бағыттағы ең перспективалы әрі ауқымды жоспарлардың бірі – Көк Жайлау шатқалында Almaty Superski заманауи тау курортын салу, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Іле Алатауының етегінде орналасқан шаһар заманауи туристік инфрақұрылым құру үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Осыны негізге алған жоба авторлары тау туризмін кешенді түрде дамытуды көздеп отыр.
Тәулігіне 15 мың демалушы және жыл бойғы туризм
Қоғамдық тыңдауларда жарияланған жоба деректеріне сүйенсек, жаңа курорт тәулігіне 15 мың адамды қабылдауға қауқарлы болады. Оның ішінде:
-
5 000 адам – тау шаңғысы спортымен айналыса алады;
-
10 000 адам – жаяу жүргіншілер бағыттары мен өзге де демалыс түрлерін пайдаланады.
Курорт тек қыста ғана емес, жыл бойы жұмыс істейді деп жоспарлануда. Бұл қысқы туризммен қатар, жазғы туризмді де дамытуға үлкен серпін бермек.
Миллиард долларлық экономикалық әлеует
Тау туризмі – спортты, белсенді демалыс пен табиғатты біріктіретін туристік экономиканың маңызды бөлшегі. Мұндай инфрақұрылымның пайда болуы қонақүйлер, мейрамханалар, жабдықтарды жалға беру және көлік компанияларының қызметіне деген сұранысты арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашады.
Бастамашылардың есебінше, Almaty Superski жылына 8,9 миллион келушіні (2,4 млн шаңғышы және 6,4 млн жаяу турист) қабылдай алады.
Kazakh Tourism Development басшысы Ержан Еркінбаевтың бағалауынша, туристердің демалысқа, тамақтану мен жатын орынға және басқа да қызметтерге жұмсайтын шығындарын ескергенде, қала экономикасына жыл сайын түсетін қаржы шамамен 1 млрд долларға жетуі мүмкін.
Халықаралық деңгей және экологиялық талап
Алматы тұрғындары үшін бұл қалаға жақын маңда белсенді демалып, салауатты өмір салтын ұстануға таптырмас орын болмақ. Сонымен қатар, заманауи тау курорты шетелдік туристердің назарын аударып, олардың қалада болу мерзімін ұзартады. Бұл Қазақстанның бәсекеге қабілетті туристік өнімін қалыптастыру міндетіне толық сәйкес келеді.
Мамандар жоба экологиялық талаптар мен қала мүддесін қатаң сақтай отырып жүзеге асырылса, жаңа инфрақұрылым өңір экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосады деп отыр.



