Сұқбат

«Адамдар бізді жүзімізден танымаса да, туындыларымыз арқылы біледі»: Алматылық суретші мурал өнері туралы

Жаркент қаласында қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы, дара тұлға Әбілхан Қастеевке арналған жаңа мурал пайда болды. Бұл ауқымды туындыны «Koriniswall» командасының бас суретшісі, алматылық қылқалам шебері Олжас Ризабек өз тобымен бірге салып шыққан. Ол Tiek.kz редакциясына арнайы берген сұхбатында жаңа жобаның мән-маңызы, стрит-арт өнерінің ерекшеліктері мен қабырғадағы суреттердің қаншалықты ұзақ сақталатыны туралы айтып берді.

Фото: О.Ризабек

– Олжас, жақында ғана Жаркентте Әбілхан Қастеевтің муралын салыпсыздар. Оны дәл осы қалада бейнелеудің мәні неде? Жалпы бұл ауқымды жұмысқа қанша бояу жұмсалды және оны неше күнде аяқтадыңыздар?

– Иә, бұл — біздің Жаркент қаласындағы екінші муралымыз. Бұған дейін Дәнеш Рақышев атамызға арналған муралды салған едік. Бұл жолы Әбілхан Қастеев атамызды бейнелеу бұйырды.

Фото: О.Ризабек

Әбілхан Қастеев — қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған ұлы тұлға әрі осы Жаркент өңірінің тумасы. Сондықтан оның бейнесін туған өлкесінде салудың мәні ерекше. Өзіміз де суретші болғандықтан, бұл жұмысты орындау біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік болды. Қолымыздан келгенше сапалы орындадық, нәтижесі көңілімізден шықты.

Муралға 20-дан астам аэрозольді бояу баллоны және 9 литрлік 5 шелек, яғни жалпы көлемі 45 литр қасбеттік (фасадная) бояу жұмсалды. Бояулардың барлығы сапалы әрі сыртқы ортаға төзімді. Қажетті түстерді Алматыда арнайы аппаратпен колерлеп, Жаркентке алдырдық. Жұмысты толық екі күнде аяқтадық. Муралды «Koriniswall» командасының белсенді мүшесі Жангелді бауырымыз екеуміз бірге салдық.

– Көпшілікті қызықтыратын сұрақ: муралдар қабырғада қаншалықты ұзақ сақталады?

– Әрине, дұрыс технологиямен салынған мурал қабырғада ұзақ жылдар бойы сақталады. Біз күн сәулесіне, жауын-шашынға, ыстық пен суыққа төзімді арнайы қасбеттік бояуларды қолданамыз.

Өз тарапымыздан жұмысымызға бес жыл кепілдік береміз. Ал біз қолданатын бояуға өндіруші он жылға дейін кепілдік береді. Егер қабырға сапалы дайындалып, бояу дұрыс жағылса, мурал өзінің түсі мен сапасын ұзақ уақыт бойы жоғалтпайды.

– Жалпы, көше өнерімен, яғни мурал салумен қашаннан бері айналысасыздар? Неліктен дәл осы бағытты таңдадыңыздар?

– Мурал салумен бес жылдан бері белсенді айналысып келеміз. Оған дейін кафелердің, мектептердің және әртүрлі ғимараттардың ішкі қабырғаларына көркем сурет салатынбыз. Тәжірибе жинақтап, біртіндеп ауқымды қабырғалар мен ғимараттардың сыртқы қасбеттеріне көштік. Қазіргі таңда, әсіресе жазғы маусымда, негізгі бағытымыз — мурал салу.

Муралдың бізге ұнайтын басты ерекшелігі — ол өнерді көпшілікке жақындатады. Біздің жұмысымызды бір бөлмедегі бірнеше адам ғана емес, күн сайын мыңдаған адам көре алады. Сонымен қатар әр жоба арқылы Қазақстанның әр өңірін аралап, жаңа қалалармен және адамдармен танысамыз. Бұл бізге шығармашылық әрі кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ауқымды жобалар болғандықтан, еңбектің бағалануы да жоғарырақ.

– Осы уақытқа дейін Қазақстанның неше қаласында мурал салдыңыздар? Өзіңіз ерекше бағалайтын танымал жұмыстарыңызды атап өтсеңіз.

– Нақты санын бірден айту қиын, себебі осы уақытқа дейін Қазақстанның көптеген қаласында жұмыс істедік. Қателеспесем, еліміздің ірі қалаларының ішінде біз әлі мурал салмаған екі қала ғана қалды. Олар — Қарағанды мен Петропавл. Алдағы мақсатымыз — осы екі қалада да мурал салып, Қазақстанның барлық ірі өңірін қамту.

Фото: Koriniswall

Танымал жұмыстарымыздың қатарында Астана қаласындағы көпқабатты үйдің қабырғасына салынған көлемді муралымызды және Тараз қаласындағы өрт сөндірушілерге арналған туындыны атап өтуге болады.

Фото: Koriniswall

Дегенмен біз үшін әрбір муралдың орны бөлек. Кейде адамдар бізді жүзімізден танымауы мүмкін, бірақ салған муралдарымызды бірден танып жатады. Осы еңбектеріміздің арқасында халық арасында және әлеуметтік желілерде кеңінен таныла бастадық.

Фото: Koriniswall

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button