
Депутаттар Құрылтайдың жұмыс регламентін қабылдады. Құжат жаңа Конституция мен «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес әзірленген.
Регламентте Құрылтай отырыстарын өткізу тәртібі, депутаттардың қызметі және заң жобаларын қарау жолы белгіленді.
Заң жобалары үш оқылымда қаралады. Бірінші оқылымда негізгі ережелер мен мақсаттар талқыланса, екінші оқылымда түзетулер қаралады. Үшінші оқылымда құжаттың соңғы нұсқасы қаралады. Халықаралық шарттарды ратификациялау немесе денонсациялау екі оқылымда өтеді.
Құжатта Қазақстан Халық Кеңесі өкілдерінің тыңдауларға, тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына қатысу тәртібі де көрсетілген.
Депутаттық әдеп және Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысы да жеке реттелген. Регламенттің қорытынды ережелері заң шығару процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді.
Мәжіліске бұған дейін енгізілген заң жобалары Құрылтайда жаңа регламент талаптарына сәйкес қарала береді.



