Саясат
Тренд

«Бұл — Ресейдің ресми ұстанымы емес» — СІМ Соловьевтің мәлімдемесі туралы (ВИДЕО)

Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьевтің Орталық Азияға қатысты даулы мәлімдемесіне байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресми түсініктеме берді

СІМ министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Tiek.kz тілшісінің сұрағына жауап бере отырып, Соловьевтің сөзі Ресей Федерациясының ресми ұстанымын білдірмейтінін айтты.

«Бұл — телебағдарлама жүргізушісінің, комментатордың жеке пікірі. Біз оның мәлімдемелері Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қатысты Ресей Федерациясының ресми позициясына сәйкес келмейді деп есептейміз», — деді Ермұхамбет Қоныспаев.

Оның айтуынша, Ресейдің Қазақстанға қатысты нақты ұстанымы екі ел басшылары деңгейіндегі ресми келіссөздерде айқын көрініс тапқан.

«Бұған дәлел — өткен жылдың қараша айында Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына жасаған мемлекеттік сапары. Сол сапар аясында өткен келіссөздердің қорытындысы біздің қарым-қатынастарымыз стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында дамып жатқанын растады», — деді СІМ өкілі.

Қоныспаевтың айтуынша, екі тарап та екіжақты ынтымақтастықты қалыптасқан қатынастар сипатына сай дамытуға бейіл.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Соловьевтің даулы сөзіне Ресейдің өз ішінде де тиісті реакция болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Әртүрлі пікірлер бар. Біз Ресей Федерациясының өз ішінде бұл мәселеге қатысты белгілі бір реакциялар қабылданады деп есептейміз. Ол — басқа мемлекеттің азаматы, бірақ оның айтқандары Ресейдің мемлекеттік позициясын білдірмейді», — деді Ермұхамбет Қоныспаев.

Айта кетейік, бұған дейін саясаттанушы Досым Сатпаев Соловьевтің мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, мұндай риториканы халықаралық құқықтың дағдарысы және Орталық Азия елдері үшін қауіп факторы ретінде бағалаған болатын.

Осылайша, Қазақстанның ресми ұстанымы — ресейлік тележүргізушінің сөзі екі ел арасындағы мемлекетаралық қатынастардың сипатын айқындамайды және Қазақстан–Ресей ынтымақтастығы стратегиялық әріптестік аясында жалғасып жатыр.

 

View this post on Instagram

 

A post shared by Tiek (@tiek.kz)

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button