«Қазақ аруының» жаңа маусымы Меруерт Өтекешова мен «Қыз Жібек» бейнесіне арналады
Алдағы өтетін «Қазақ аруы» байқауы қазақ киносының аңызы Меруерт Өтекешоваға және «Қыз Жібек» бейнесіне арналады. Бұл туралы жобаның негізін қалаушы Баян Мақсатқызы «Talk Like» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді, – деп хабарлайды Tiek.kz.
«Қыз Жібек» рухы және байқау ерекшеліктері
Байқаудың негізін қалаушы Баян Мақсатқызы Меруерт Өтекешованы шараға арнайы шақырып, құрметті қонақ ретінде төрге шығаратынын атап өтті. Ал қатысушы арулардың барлығы «Қыз Жібек» фильміндегі әйгілі қызғылт қамзол үлгісіндегі киіммен сахнаға шығады.
-
Байқаудың қалыптасқан ережелері мен негізгі талаптары өзгермейді.
-
Ұйымдастырушылар дайындықты іс-шараға екі ай қалғанда бастап, байқауды қазан немесе қараша айында өткізуді жоспарлап отыр.
-
Продюсер жеңімпаздардың болашағына жауапты еместігін, аруларға танылуға жол ашатынын, ал оны қалай пайдалану әрқайсысының өзіне байланысты екенін жеткізді.
Қамзолдан басталған игі іс пен пәтер сыйлығы
Қызғылт қамзолдың өзіне келуін кездейсоқтық деп санамайтынын айтқан продюсер кейін журналист Майя Бекбаеваның Меруерт Өтекешовамен сұхбатын көріп, актрисаның жеке баспанасы жоқ екенін білген. Осыдан соң жұбайы Тұрсынғали Алагөзовпен ақылдасып, оған толық жабдықталған пәтер сыйлауды ұйғарған.
-
Бұған дейін продюсер Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын бір миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсететінін мәлімдеген болатын.
-
Бұл көмек актрисаның күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерге алаңдамай, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді.
-
Сондай-ақ актриса осы қолдаудың арқасында сіңлісімен бірге Түркияға демалып қайтқан, бұл – оның өміріндегі шетелге арнайы демалысқа алғаш рет шығуы.



