Саясат
Тренд

Досым Сатпаев Соловьевтің мәлімдемесіне жауап берді: «Орталық Азияға сақадай сай болу керек»

Саясаттанушы Досым Сатпаев ресейлік пропагандист Владимир Соловьевтің Орталық Азияға қатысты даулы мәлімдемесіне әлеуметтік желі арқылы жауап қатты

Бұған дейін Соловьев өңірді Ресейдің «біздің ықпал аймағымыз» деп атап, қажет болған жағдайда бұл ықпалды күш қолдану арқылы қайтару сценарийлері де мүмкін екенін меңзеген еді.

Сатпаевтың пікірінше, бұл — жай ғана тележүргізушінің эмоциялық сөзі емес, Кремльдегі ойлау жүйесінің көрінісі болуы ықтимал.

«Жақында Путиннен қандай да бір “ерекше еңбегі” үшін медаль алған пропагандист Соловьев өзін бір сәтте генералиссимус сезініп, бүкіл Орталық Азияға қоқан-лоққы көрсете бастады. Ол бұл өңірді “біздің ықпал аймағымыз” деп атап, қажет болған жағдайда сол ықпалды күшпен қайтаруға болады деп отыр», — деп жазады саясаттанушы.

Оның айтуынша, Соловьевтің мемлекеттік награда алуы мұндай арандатушы риторикаға да жанама түрде қолдау көрсетілгендей әсер қалдырады.

«Демек, оны осындай арандатушылық мәлімдемелері үшін де марапаттаған сияқты. Ал сайқымазақтың тілінде жүрген сөз — патшаның және оның айналасының санасында жүрген ой болуы әбден мүмкін», — дейді Сатпаев.

ҰҚШҰ-ның мәні қалды ма?

Саясаттанушы халықаралық құқықты ашық түрде жоққа шығаратын мәлімдемелер Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) болашағына күмән тудыратынын айтады.

«Егер Соловьевтің айтуынша, халықаралық құқықты елемей, көрші елдерге ашық түрде қоқан-лоқы көрсетуге болатын болса, онда формалды түрде бір-біріне шабуыл жасамау қағидасы жазылған ҰҚШҰ-ның да мәні қалмайды», — дейді ол.

Сатпаев бұл тұрғыда Өзбекстан мен Арменияның тәжірибесін мысалға келтіреді.

«Өзбекстан мен Армения бұл шындықты ертерек түсінді және қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ешқандай пайдасы жоқ екенін көріп, бұл ұйымдағы қатысуын дер кезінде тоқтатты», — деп жазады саясаттанушы.

«Қасқырлар, шакалдар мен қойлар уақыты»

Сатпаевтың пікірінше, әлем бүгінде халықаралық құқықтың терең дағдарысына кірді. Бұл процеске АҚШ-тағы саяси үрдістер де өз әсерін тигізген.

«Қазіргі жағдайда ядролық қаруы жоқ бірде-бір мемлекет өзін толық қауіпсіз сезіне алмайды. Қасқырлар, шакалдар мен қойлар дәуірі келді», — дейді ол.

Саясаттанушы мұндай жағдай адамзат тарихында бұрын да болғанын еске салады.

«Тарих — циклді құбылыс. Ол әдеттегі геосаяси турбуленттілік фазасына қайта оралды. Бір кездері әлемді бірнеше империя торт сияқты бөліске салған. Ол кезде басқа мемлекеттердің егемендігі шартты ғана ұғым болған», — деп жазады Сатпаев.

Орталық Азияға қандай сабақ?

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда Орталық Азия елдері тек қорғаныс қабілетін күшейтумен шектелмеуі тиіс.

«Сақадай сай болу керек. Қорғаныс қабілетін нығайту қажет. Саяси институттар мен мемлекеттік құрылымдардың жұмыс сапасын арттыру арқылы саяси жүйені күшейту керек», — дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ экономикалық тәуелділікті азайту маңызды екенін атап өтеді.

«Халықтың әл-ауқатын арттыру және өзге елдерге тәуелділікті төмендету үшін әлдеқайда тиімді экономикалық реформалар жүргізу қажет», — деп жазады ол.

Сатпаев билік пен қоғам арасындағы сенім дағдарысы сыртқы күштер үшін мүмкіндікке айналатынын ескертеді.

«Кез келген экономикалық немесе саяси дағдарыс сырттан араласуға қолайлы жағдай туғызады. Ал бізде “қажет” деген сөз тым көп, өкінішке қарай, уақыт тым аз қалды», — деп түйіндейді саясаттанушы.

https://www.facebook.com/share/p/17sWREhra8/

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button