Спорт

Қазақ спортшыларының үш алтыны есепке алынбады: көшпенділер ойындарының қорытынды есебі дау тудырып жатыр

Туризм және спорт министрлігі ұлттық құрама қоржынына 32 алтын медаль бар деген еді, алайда ұйымдастырушылар жүлделер саны 29-ға дейін азайып, жалпы есепте екінші орынға түсірген.

Қырғызстандағы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастыру комитеті жанжалға байланысты әлеуметтік желілердегі және ресми сайттағы медальдар есебін өшірді, деп хабарлады Stan.kz.

Жарыс бағдарламасы 6 қыркүйекте аяқталды. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі қорытынды жасап, ұлттық құрама қоржынына 32 алтын медаль түскенін хабарлады. Осылайша Қазақстан қорытынды медальдар есебінде бірінші орында болу керек еді.

Алайда кейін Көшпенділер ойындарын ұйымдастырушылар басқа нұсқаны жариялады. Онда Қырғызстан құрамасының 30 алтын медалі сақталған, ал Қазақстанның алтын жүлделер саны 29-ға дейін азайып, жалпы есепте екінші орынға түсті.

Қоғамда қызу талқылау туып, ақпараттар бір-біріне қайшы келгеннен кейін ұйымдастырушылар медальдар есебі жарияланған Instagram жазбасын екі рет өшірді. Ол ресми сайттан да жоғалып кетті. Жарияланым шыққан кезде сайтта хабарлама пайда болды.

«VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медальдар есебі Ойындар хатшылығынан соңғы ақпарат келіп түскеннен кейін жарияланады. Ресми расталғанға дейін жиынтық кесте жарияланбайды. Жарыстардың нәтижелері мен спорт түрлері бойынша берілген жүлделер тиісті бөлімдерде қолжетімді», – делінген жарияланымда.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойындарындағы сәтті өнер көрсетуіне байланысты Қазақстан құрамасын құттықтаған еді.

Бұған дейін Қазақстан Көшпенділер ойындарында медаль саны бойынша бірінші орын алғаны туралы сүйіншілеген еді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button