Интеллект дәуірі

2030 жылға дейін сумен жабдықтау саласындағы деректер толық онлайн форматқа көшіріледі (Видео)

Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру аясында «Smart Turmys» атты бірыңғай цифрлық платформа әзірленіп жатыр.

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді.

Жаңа платформа коммуналдық қызметтер бойынша азаматтарға арналған біртұтас интерфейс қызметін атқарады. Сонымен қатар, халыққа ыңғайлы болу және есеп айырысу процесінің ашықтығын арттыру мақсатында бірыңғай төлем құжатының моделі де пысықталған.

– «Smart Turmys» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай цифрлық платформасы қалыптастырылуда. Ол коммуналдық қызметтер бойынша азаматтарға арналған бірыңғай интерфейске айналады. Сонымен қатар, халыққа қолайлы болу және есеп айырысудың ашықтығын арттыру үшін бірыңғай төлем құжатының моделі пысықталды. Басты міндет – объектілерді есептеу құралдарымен және деректерді онлайн беру арқылы автоматтандырылған жүйелермен жарақтандыру, – деді вице-премьер.

Министрдің айтуынша, бұл жүйе өндірістен бастап түпкі тұтынушыға дейінгі барлық кезеңді, соның ішінде әлеуметтік нысандарды да толық бақылауға мүмкіндік береді. Мемлекет алдағы жылдары сумен жабдықтау саласында деректерді онлайн режимде беруді толық жолға қоюды көздеп отыр.

– 2030 жылға дейін сумен жабдықтау саласында деректерді онлайн беруді 100 пайыз пайыз қамтамасыз ету қажет, – деді Жаслан Мадиев.

Сондай-ақ ол саланы цифрландыруға Astana Hub экожүйесіне кіретін стартаптардың белсенді атсалысып жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда платформа аясында су секторына арналған цифрлық шешімдер әзірлейтін 11 жоба жұмыс істеп тұр.

– Аталған саланы цифрландыруға Astana Hub экожүйесінің стартаптары елеулі үлес қосуда. Қазір экожүйеде ақылды есептегіштер, ағып кету датчиктері және суды автоматтандыру жүйелері сияқты су секторының цифрлық шешімдерін жасайтын 11 жоба бар. Осы стартаптардың жиынтық табысы 6,3 млрд теңгені құрайды. Бұл инновациялардың ел экономикасының бір бөлігіне айналғанын көрсетеді, – деді ол.

Сонымен қатар, үкімет отырысынан кейінгі арнайы баспасөз брифингінде үкімет өкілдері су есептегін құрылғыларын ауыстыру мерзімі туралы сауалға жауап берді

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button