Спорт

Шекарасыз спорт: Қазақстанда ерекше балаларға арналған гимнастика мен парақұзға өрмелеу дамиды

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа спорттық бағыттар қолға алынуда. Атап айтқанда, Анна Алябьеваның көркем гимнастика мектебі адаптивті гимнастика бағытын ашатынын мәлімдесе, Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясы параспорт федерациясын құру туралы бастама көтерді.

Бұл жаңалықтар Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) ұйымдастырған «Қазақстандағы ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау: заңнамалық негіздер және іске асыру тетіктері» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында айтылды.

Адаптивті гимнастика: Халықаралық тәжірибе

Көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анна Алябьева өз мектебінде мүгедектігі бар балаларға арналған арнайы бағыт ашылатынын жеткізді. Оқу орнының инклюзивті бағыттағы жұмыс тәжірибесі бар – бұған дейін мектеп жаттықтырушылары Special Olympics жарыстарына қатысатын гимнасттарды дайындаған. Қазіргі таңда көршілес елдердің мамандарымен тәжірибе алмасу байланысы орнатылыпты.

«Серіктестеріміз дайын тәжірибелерімен бөлісуге әзір. Әлемде, соның ішінде көркем гимнастика бойынша да, халықаралық парафедерациялар әлдеқашан жұмыс істеп келеді. Егер олар жасай алса, біз де жасай аламыз! Ең бастысы – қалыптасқан әлемдік тәжірибе бар және біз оны өз елімізде енгізе аламыз», – деді А. Алябьева.

Паралимпиада-2028: Құзға өрмелеуден үміт бар

Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының бас хатшысы Нұрсұлтан Алдонғаровтың айтуынша, 2028 жылы АҚШ-та өтетін Паралимпиада ойындарының бағдарламасына жаңа бағыт – парақұзға өрмелеу спорты енгізілген.

Федерация осы әлемдік додаға қатысуды мақсат етіп отыр. Сол себепті қазіргі уақытта елімізде бұл спорт түрін ресми тіркеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

«Инклюзивті балалар жылын» жариялау ұсынылды

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов бұл бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, толық қолдау білдірді. Оның айтуынша, ерекше балалар үшін спорт – жай ғана әуестік емес, өзін-өзі жүзеге асырудың және қоғамға бейімделудің ең тиімді құралы.

Жиын соңында Анна Алябьева ҚХП өкілдеріне елімізде «Инклюзивті балалар жылын» өткізу идеясын ұсынды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағытқа ерекше көңіл бөліп, ауқымды жұмыстар атқарып отырғанын ескерсек, бұл бастама жоғары деңгейде қолдау табуы тиіс екеніне сенім білдірді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button